Саранда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай «Жас сақшы» кабинеті ашылды.
Салтанатты шара қалалық мәдениет үйінің алаңынан бастау алып, мерекелік бағдарламамен жалғасты. Марапаттау рәсімі аяқталғанан кейін №7 мектеп-интернатында ресми түрде кабинеттің қызыл лентасы кесілді.
АНТЫҢА АДАЛ БОЛ!
Мәдениет үйінің алаңында №7 мектеп-интернатының 8 «А» сынып оқушылары «Жас сақшы» атағын абыроймен және құрметпен алып жүруге, үлгілі оқуға, салауатты өмір салтын ұстануға, құқықтық тәртіпті бұзушыларға қарсы тұруға салтанатты түрде ант етті. Сонымен қатар, жас полицейлер де адалдық пен жауапкершіліктің антын қабылдады.
Шарада Қарағанды облысы полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанат Какажанов, қала әкімі Дарын Бұлқайыр барша жиналған қауымды Ата Заңның 30 жылдығымен құттықтап, полиция қызметкерлерінің еселі жұмысын атап өтті.
- Полиция қызметкерлері - бұл жай ғана жұмыс емес, Отанымызың алдындағы борышты өтеудің бір міндеті. Сіздердің жұмыстарыңыздан мемлекетке деген көзқарас, қоғамның арасындағы көзқарас сіздермен тікелей байланысты, - деді қала әкімі.
Бұл сәт «Жас сақшылар» қатарына қосылған оқушылар үшін өте ерекше. Себебі, олардың көптен күткен қуанышы орындалып, мерейлі күнді одан сайын асқақтата түскен.
- Бұл сынып бізді тек білімге ғана емес, Отан сүйгіштікке, тәртіпке, еңбек етуге үйретеді. Бізге сенім білдірген ата-аналарға, ұстаздарға және білім бөліміне алғысымызды білдіреміз. Жас сақшы – бұл біздің болашағымызға ашылған үлкен қадам. Біз Отанымыздың адал және жауапты азаматы болуға тырысамыз, - деді №7 мектеп-интернатының оқушысы Інжу Рахымбек.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, «Жас сақшы» кабинеті – ең алдымен патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, мектеп ортасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталған.
- Бұл балаларымызға берілген үлкен мүмкіндік. Болашақта балаларымыз Отан сүйгіштікке, еліне адал қызмет жасауға үйренеді. Осындай керемет мақсатта балаларымыз өсіп, қаламызға өз үлесін қосса деген ойдамын. Сынып оқушылары өте мәз. Осындай балаларға үлкен қуанышты сәтті сыйлаған, мүмкіндік беріп отырған білім бөлімі мен қала әкімшілігіне үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді №7 мектеп-интернатының директоры тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Байкөжекова.
АЛҒЫС ХАТТАРМЕН
МАРАПАТТАЛДЫ
Мерекелік бағдарламада қадірлі қонақтар күмбірлеген қазақтың қоңыр домбырасымен қарсы алынды. Қалалық мәдениет үйінің екінші қабатында тарихи-танымдық көрмелер ұйымдастырылды. Сахнада патриоттық әндер орындалып, мың бұралған бишілердің өнері тамашаланды.
Қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев барша жиналған қауымды Ата Заң күнімен құттықтап: «Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл барша халқымызға айрықша тарихи белес. Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры мен ел бірлігінің кепілі» дей келе, Саран қаласының прокуроры Ж.Накишевті, Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А. Сейтжановты, Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы А. Абилкасимовты, Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы С.Анищенконы, Саран қаласының пробация бөлімінің бастығы Д. Байбахтинаны қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
ҮМІТ ПЕН
СЕНІМДІ АҚТАУ
Салтанатты шарадан соң, Қарағанды облысының полиция департаменті және облыстық білім басқармасымен бекітілген өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде Қарағанды облысы білім басқармасының Саран қаласы білім бөлімінің №7 мектеп-интернатында «Жас сақшы» кабинетінің ашылу рәсімі өтті.
«Жас сақшы» кабинетін ашпас бұрын, еліміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған ер жүрек полицейлер бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Шарада «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу – әдістемелік орталығы» КМҚК бөлім басшысы Айгуль Калмагамбетова, Қарағанды облысы білім басқармасының бала құқығын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Данияр Токмагамбетов, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов, Саран қаласының прокуроры Ж.Накишев, қалалық полиция бөлімінің бастығы, полковнигі А. Сейтжанов, ерлікпен қаза тапқан Иса Кубаевтың ағасы Хусейн Кубаев сөз сөйлеп, жас сақшыларға сәттілік тіледі.
Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Сейтжанов өз кезегінде «Жас сақшы» кабинетінің ашылуына атсалысып, азаматтық белсенділік танытып, қосқан үлесі үшін және Қазақстан Респуликасының 30 жылдығын мерекелеуге байланысты Қарағанды облысының полиция Департаментінің бастығы, полиция полковнигі Н. Исмагуловтың атынан қалалық білім бөлімінің әдіскері Евгения Горбатованы, №7 мектеп-интернатының директоры Қуан Махаметчинді, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Серикова мен БӘТД ұйымдастырушы-педагог Нурбол Ниханбаевты грамоталармен марапаттады.
«Жас сақшы» кабинетінің тәрбиеленушілері Калашников автоматын жинау және бөлшектеу бойынша шеберліктерін көрсеткеннен кейін қаруланған қылмыскерді ұстау барысында қаза тапқан Саран қ. ІІБ жанындағы Саран күзет бөлімінің милиционері - милиция старшинасы Кубаев Иса Салавдиновичтың атындағы «Жас сақшы» кабинетінің қызыл лентасын Қарағанды облысы білім басқармасының бала құқығын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Данияр Токмагамбетов пен Иса Кубаевтың ағасы Хусейн Кубаев кесті.
Кабинет барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оның ішінде құқықтық тәртіп бойынша оқу әдебиеті, арнайы құралдардың макеттері және нысанды киім, Қазақстан Республикасының халық қаһармандарына, бейбіт күннің батырларына және Иса Кубаевқа арналған стендттер ілулі тұр. Интерактивті оқытуға арналған мультимедиялық жабдықпен де қамтамасыз етілген.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА