Саран қаласының білім бөліміне қарасты білім ордалары бойынша биыл 1-сыныпқа 493 оқушы мен 206 мектеп бітіруші түлек білім әлеміне қадам басты.
1 қыркүйек күні барлық білім ордалары оқушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді зор ықыласпен қарсы алды. Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте де «Алғашқы қоңырау» салтанаты өтті. Шарада қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Тлекбаев, саясаттанушы Серік Мұстафин, қалалық ПБ кезекші бөлімінің бастығы, полиция капитаны Нұрбол Ченгильбаев, мектеп директоры Гүлден Серикова ата-аналар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады. Барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірілді.
Мектеп директоры Гүлден Серикова: «Бүгінгі күн жас ұрпақ үшін жаңа белес, жаңа қадам, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын ең негізгі кезең» дей келе, 2024-2025 оқу жылында жеткен жетістіктерге тоқталып, әр жеңістің артында ұстаздар мен оқушылардың еселі еңбегі жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, қалалық білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылындағы рейтингінің қорытындысы бойынша Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп осымен үшінші мәрте «Үздік жалпы білім беретін мектеп» номинациясына ие болды. Биыл іші мен сыртына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Шарада ақ бантик тағып, мектеп формасын киген оқушылар ұстазымен би билеп, жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. 1-сыныптың оқушыларына «Әліппе» кітабы салтанатты түрде табыс етілді. Жаңа оқу жылының басталуының нышаны ретінде алғашқы қоңырау соғылды.
Биыл Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте үш 1-сынып бар. 1 «А» сыныбының жетекшісі – Толқын Насенова, 1 «Ә» сыныбының жетекшісі – Айжан Тұрмат және 1 «Б» сыныбының жетекшісі - Гүлжайна Изтелеуова. Бас-аяғы 75 бала бірінші рет мектеп табалдырығын аттады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА