Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі және қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін салған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 153 жылдығына орай Саран қаласында қалалық тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Халық тілі – қайнар бұлақ» атты мерекелік шара өтті.
Қалалық мәдениет үйінің бірінші қабатында этнос өкілдері бірлік пен достықты дәріптеп, қонақтарды қарсы алды. Үстіне көтерілген бетте қалалық тілдерді дамыту орталығының 2014 жылдан бастап осы күнге дейін атқарылған жұмыстарынан сыр шертетін стендтер таныстырылып, шеберлік сабақ ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық әшекейлері көрсетіліп, жасалу жолы мен тарихы баяндалды. Концерттік бағдарламада «Тіл – татулық тірегі» атты бейнефильм көрсетілді, «Достар» би ансамблінің мың бұралған бишілерінің биі тамашаланып, жүрекке жылулық, көңілге шаттық сыйлайтын әндер мен жарқын тілектер айтылды.
- Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаймын! Жүзден астам ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан егеменді еліміз үшін бұл мерекенің орны ерекше, - дей келе Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан тіл жанашырларын Алғыс хаттармен марапаттады.
Сахнаға Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының «Мәміле» тілдесу клубының мүшесі, мемлекеттік тіл бойынша қалалық, облыстық байқаулардың жүлдегері Татьяна Самойлова, Евгения Бенко, Саран қаласының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің маманы, «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшесі Адильбек Калиев, «Qaztehna» зауытының HR менеджері Анжелика Пьянкова, Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы, «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшесі Алида Мусина, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының «Мәміле» тілдесу клубының мүшесі, мемлекеттік тіл бойынша қалалық байқаулардың жүлдегері Кирилл Кондратков пен Ольга Рыбакова шақырылып, марапат төрінен көрінді.
- Қаламыздың барлық тұрғындарын Тілдер күнімен құттықтаймын! Мен осындай мерекелерге жиі барамын, жиі қатысамын. Өзіме ұнайды. Қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрене бастадым. Менің ойымша, қазіргі уақытта қазақ тілін үйрену қиын емес. Себебі, тілді балабақшадан бастап үйрете бастайды, - деп атап өтті Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті Евгения Бенко.
Салтанатты шарадан соң, қала тұрғынары мен қонақтары үшін Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары ән салды. Әлемнің әр түрлі тілдерінде көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндері орындалып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА