Бүгінгі Қазақстан – зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет. Бұл қағида тек Ата Заңымызда емес, өміріміздің барлық саласында көрініс табуы тиіс. Зайырлылық – тек діннен бөлек болу емес, ол – қоғамда рухани келісімді, ашық ойлауды, мәдени сананың дамуын қамтамасыз ететін жүйе.
Саран қаласы – Қарағанды облысындағы өндірісті, еңбекқор тұрғындарымен танылған қала. Қаланың күннен-күнге дамуы, түрлі этнос пен мәдениеттің өзара үйлесімді өмір сүруі – зайырлы қоғамның айқын көрінісі. Мұнда түрлі ұлт өкілдері мен дін ұстанушылары бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келеді. Зайырлы қоғамда әр азаматтың ар-ождан бостандығы мен сенім еркіндігі қорғалады. Бұл – түрлі көзқарас пен наным-сенімдерге құрметпен қарауға, төзімділікке тәрбиелейді. Саран қаласының тұрғындары бұл құндылықтарды күнделікті өмірде ұстанып келеді. Қалада діни тұрақтылық сақталған, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін рухани-мәдени шаралар жиі өткізіледі. Мәдениет – тек өнер емес, ол – өмір сүру салтымыз, сөзіміз, қарым-қатынасымыз, дәстүріміз. Саран қаласындағы мәдениет үйлері, кітапханалар мен шығармашылық орталықтар – рухани дамудың өзегіне айналып отыр. Жыл сайын өтетін ұлттық мерекелер, өнер байқаулары мен тарихи еске алу шаралары – мәдени бірлігіміздің айғағы. Зайырлы мемлекетте өмір сүру – ата-баба салтын ұмыту деген сөз емес. Қайта, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, заман талабына сай өмір сүруге мүмкіндік береді. Саран жастарының ұлттық өнерге, тілге, тарихқа қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Бұл – дұрыс тәрбие мен орта қалыптасуының нәтижесі. Қорытындылай келе, Саран қаласының тұрғындары үшін зайырлылық пен мәдениеттің ұштасуы – рухани дамудың, қоғамдық келісімнің кепілі. Бұл бағытта қалада жасалып жатқан жұмыстар – бейбіт те жарқын болашаққа негіз. Әрбір азамат осы құндылықтарды құрметтеп, ұрпақ тәрбиесінде басшылыққа алуы – елдің өркендеуіне қосқан үлкен үлес болмақ.
А. Мусина,
ОҚК кітапханашысы,
қалалық ақпараттық топтың мүшесі