Еліміздің болашағы бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау арқылы жүзеге асады. Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Радикалды идеяларға төзбеушілікті тәрбиелеудегі отбасы мен қоғамның рөлі туралы айтар болсақ, елімізде теріс ағым өкілдерінің бар екенін, олардың сыртқы келбеттерін, түр-сипаттарын жастар санасына ұғындыруға міндеттіміз. Бұл адамның сақтығы үшін жасалады. Егер тіпті жақын адамың радикалды лаңкестік бағытты насихаттап, шақырып тұрған жағдайда, қанша қиын болса да, азамат міндетті түрде құзырлы органдарға хабарласып, ескертуі керек. Лаңкестік оқиғаларды болдырмау үшін қоғамның алдында азаматтық міндетті орындап, қауіпсіздікті орнату мақсатында осындай әрекетке баруы шарт. Сол жақын адамды түптеп келгенде дұрыс жолға қайтару да біздің қолымыздан келуі мүмкін. Себебі отбасында балаларға әлеуметтік желіні пайдаланғанда сақ болуларын ескертіп, қадағалап отыру міндет. Ол үшін адасқан досыңызды мешіттердегі имамдарға, дұрыс жолдарды нұсқайтын діни орталықтарға апарып, келіссіз түсініктерден арылту керек. Қазіргі таңда радикалды көзқарастардың таралуы қауіпті үрдіске айналды. Әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында радикалды идеологиялардың кеңінен таралуы жастардың ойлау жүйесіне теріс әсерін тигізіп, дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығаруға, қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға әкелуі мүмкін. Өкінішке орай, интернетте жарнамаланатын экстремистік идеялар мен радикалды пікірлер тез арада жасөспірімдер мен жастар арасында таралып, олардың діни немесе саяси ұстанымдарын радикалдандыруы мүмкін. Мұндай өзгерістер қоғамның ішіндегі шиеленістерді күшейтіп, түрлі топтар арасында түсініспеушілік пен қақтығыстарды тудыруы ықтимал.
Радикализмнің бұл түрі жас ұрпақты дәстүрлі мәдениетке, ұлттық құндылықтарға, тарихи мұраға қарсы қоюға тырысады. Көп жағдайда радикалды идеологиялардың әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында кеңінен таралуы жастардың ой-санасына әсер етіп, өздерінің этникалық және діни сәйкестігін қайта қарауға мәжбүр етеді. Бұндай жағдайда жас адамдар ұлттық және мәдени өзара сыйластықты жоғалтып, қоғамның бірлігін бұзу қаупі артады. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды проблема болып табылады, себебі елімізде ұлттар мен діндер арасындағы бейбітшілікті сақтау -мемлекетіміздің тұрақтылығы мен болашағы үшін негізгі факторлардың бірі.
Осылайша, радикалды көзқарастарды таратуға қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының немесе үкіметтің міндеті ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл үшін жастарды білім беру жүйесі арқылы дәстүрлі құндылықтарға негізделген дұрыс тәрбие беру, радикалды идеяларға қарсы ақпараттық компаниялар жүргізу, сондай-ақ мәдени және діни төзімділік пен өзара құрметті дамыту маңызды. Тек осындай біріккен әрекет арқылы ғана біз қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, болашақ ұрпақты радикализмнен қорғауға мүмкіндігіміз болады. Радикалды көзқарастардың қоғамдағы әсерін төмендету үшін бірнеше шаралар қажет. Біріншіден, жастарға ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттау, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған білім беру жүйесін нығайту маңызды. Екіншіден, интернет пен әлеуметтік желілердегі радикалды идеологиялардың таралуына қарсы тұру үшін ақпараттық компаниялар жүргізу қажет. Үшіншіден, құқықтық шаралар мен заңнамалық тұрғыдан радикализмнің алдын алу керек. Діни төзімділік пен әртүрлі діни қауымдардың арасындағы диалогты күшейту, қоғамда мәдени алмасуды қолдау да маңызды.
С. Супьянова,
«Ақ шаңырақ»
ЭМБ-нің жетекшісі,
қалалық ақпараттық
топтың мүшесі