Саран қаласында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Бөлу, тапсыру, қайта өңдеу» жобасы аясында экологиялық сенбілік өтті.
Экосенбілікте Саран суқоймасының маңайы шашылып жатқан қоқыс-қалдықтардан тазартылды. Оған Нұра-Сарысу облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері, балық ресурстарының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел топ мүшелері, қала жастары мен колледж студенттері белсене қатысты.
Бұл сенбілік өзге сенбіліктерден қалдықтарды сұрыптап жинаумен ерекшеленді. Яғни шыны, пластик, қағаздан жасалған заттар бөлек-бөлек қаптарға салынды. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, негізгі мақсат – тек Саран суқоймасының маңайын қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті арттыру.
- Іс-шара Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Саран қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Басқарманың «Бөлу, тапсыру, қайта өңдеу» жобасы аясында Қарағанды облысы бойынша сенбіліктер, акциялар ұйымдастырып тұрамыз. Бұл сенбілік "Дүниежүзілік тазалық күні" қарсаңында өткізіліп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, тазалық сақтауға және қоқысты сұрыптап тапсыруға шақырды, - деді «Қарағанды облысының Жұмысшы жастар одағы» ҚБ төрағасының орынбасары Нұркелді Омарханов.
Экологиялық сенбілікке Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің және Саран техникалық колледждің студенттері белсене қатысты. Әрбірі қоршаған ортаның таза болуына атсалысты.
- Қазақстан – барлығымыздың ортақ үйіміз. Тазалық болған жерде барлығымызда таза ауа болады деп есептеймін. Сондықтан әр адам өз артынан жинап, өз қалдығын жинап кетуге міндетті деп санаймын,- деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Гульзира Ибраева.
Бірігіп жасаған еңбектің арқасында 57 қап қоқыс жиналды. Оның ішінде 25 қап пластик, әйнек және қайта өңдеуге жарамды қалдықтар Саран қаласындағы «Вторьсырье Караганда» ЖШС қабылдау пунктіне тапсырылды. Ең соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА