Саран қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды тазалық бейсенбілігі ұйымдастырылды. Экологиялық шараға 100-ге жуық ерікті, оның ішінде қала тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.
Саранда мұндай экологиялық бастамалар жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы жолы ерікті жастар 106-ші шахта маңындағы аумақты шашылып жатқан қоқыс-қалдықтардан тазартып, қоршаған ортаның көркеюіне өз үлесін қосты.
- Мен жиі сенбіліктерге қатысамын. Қала тазалығына атсалысып тұрамын. Тамыз айында «Жасыл ел» қатарында жұмыс істеп, бір ай бойы қаланы тазалап, қазыналы қарияларымызға көмектестік, - деді №17 мектеп-гимназияның оқушысы Анастасия Бабенко.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, аталған шара қаламызда экологиялық жауапкершілікті арттыруға және жас ұрпақ арасында табиғатты сүю мәдениетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.
- «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында қаламызда тағы да бір таза бейсенбілік өткізілді. Бұл бейсенбілік қаламыздағы бірінші бейсенбілік емес. Оған дейін де ұйымдастырдық. Күз аяқталғанша, қар түспей тұрып қаламызды тазартуға бар күшімізді саламыз, - деді жастар ресурстық орталықтың басшысы Айым Қанапиянова.
Одан бөлек, өткен сенбіде қаламызда жалпықалалық сенбілік өткізілді. «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, жан-жақта шашылып жатқан қоқыстар жиналып, аулалар ретке келтірілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА