Балабақша – балаға бақытты балалық шақ сыйлайтын, үлкен өмірге қадам бастайтын, білімнің алғашқы іргетасын қалайтын орын. Осы орайда әр баланың икемділігін байқайтын, қабілетін ашатын тәрбиешілердің орны ерекше. Бұл мамандықта жұмыс істейтін жандардың жүрегі мейірімге толы. Топтағы әр баланы бірдей жақсы көріп, олардың бәріне бірдей көңіл бөлу - үлкен еңбекті талап етеді. Себебі, баланың тілін табу оңай емес.
Дарынды да дара балдырғандарды тәрбиелеуде қажырлы жұмыс істеп жүрген Томирис Берікқызы Лепсибаева – жас маман. Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжін «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде «Колобок» бөбекжайында бір жылдан артық жұмыс істеп келеді. Сұхбат барысында жас маман: «Бұл мамандықты таңдауыма балаларға деген сүйіспеншілігім, мейірімім себеп болды. Өзім үшін тәрбиеші болу – жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауым деп білемін» деген болатын. Жас болса да, өте еңбекқор арудан жауапкершілігі мол жұмысының қыр-сырын сұрап қайттық.
Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам. Ал сіз армандаған мамандықты қалай таңдадыңыз?
- Жас маман ретінде үнемі ізденіп, тәжірибемді арттыруға тырысамын. Балалардың жетістігін, қуанышын көру – мен үшін ең үлкен марапат. Өзімді балалардың дамуына үлес қосуға ұмтылатын, үнемі үйренуге дайын, жауапты жас маманмын деп сипаттай аламын. Мектепте оқып жүрген кезімде ойыма «Мен кім болғым келеді?» деген ой келді. Ұзақ ойландым. Шынымды айтсам, бала кезімнен-ақ балаларға деген ерекше сүйіспеншілігім болды. Үнемі кішкентай балалармен ойнап, оларға көмектескенді жақсы көретінмін. Уақыт өте келе бұл қасиетім мені өз мамандығымды таңдауға жетеледі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ тәрбиеші болсам деген ой қалыптасты. Өйткені балалардың жанында жүріп, олардың дамуына үлес қосу, өмірге жол көрсетіп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру – мен үшін үлкен арман әрі мақсат болды. Қазір сол арманым орындалып, балалармен бірге жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Мен өзімді шығармашыл адам ретінде санаймын, әрі балаларды да қатты жақсы көремін. Осылай мен өз мамандығымды таңдадым.
Сіздің ойыңызша, тәрбиеші қандай болуы керек?
- Менің ойымша, тәрбиеші ең алдымен білімді, сабырлы және жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Ол әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, балаларға қамқорлықпен қарауы тиіс. Сонымен қатар кәсіби тұрғыдан үнемі ізденісте болып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі маңызды. Тәрбиеші балаларға үлгі болып, оларды сүйіспеншілікке, еңбексүйгіштікке, әдептілікке баули білуі керек. Баланың жүрегіне жол табудың ең басты кілті – мейірім мен қамқорлық деп санаймын. Сонымен қатар тәрбиеші сабырлы, шыдамды, әр баланың ерекшелігін түсіне алатын болуы шарт. Тәрбиешінің бойында жауапкершілік, әділдік, адалдық сияқты қасиеттер болуы маңызды. Әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасап, қуанғанда бірге қуанып, қиналғанда демеу бола алуы – нағыз тәрбиешінің міндеті. Жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, шығармашылықпен жұмыс істей білген тәрбиеші ғана балалардың қызығушылығын оятып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Яғни, тәрбиеші – балаларға үлгі бола алатын, жан-жақты дамыған, жүрегі мейірімге толы, кәсібіне адал жан болуы тиіс.
Ал сіз балалардың тілін қалай табасыз?
- Баланың тілін табу үшін ең алдымен оған жылы шырай танытып, сенімін оятуға тырысамын. Әр баланың мінезі мен қызығушылығын ескеріп, жеке қарым-қатынас орнатамын. Ең бастысы – баланы тыңдай білу, оның сезімін түсіну. Әр баланың мінезі әртүрлі, біреуі қырсық, біреуі тұйық, біреуі ашық болады. Әрбір балаға өзіне тән қарым-қатынас табуға болады. Сондықтан біреуіне ойын әдісі арқылы жақындаймын, біреуіне әңгімелесіп немесе қолдау білдіріп тіл табысамын. Осындай қарым-қатынас орнағанда бала өзін еркін сезінеді де, менімен ашық сөйлесуге дайын болады.
Сіздің жұмыс күніңіз қалай өтеді? Бір күніңізді сипаттап бере аласыз ба?
- Менің күнім балаларды қабылдаудан басталады. Таңертең әр баланың көңіл-күйін бақылап, ата-аналармен әңгіме жүргізіп, оларға әр түрлі тақырыпта кеңестер беремін. Одан кейін балалармен бірге таңғы жаттығу жасаған соң, ұйымдастырылған іс-әрекеттерімді өткіземін. Ұйымдастырылған іс-әрекетті өткізу барысында жас ерекшеліктеріне сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балалардың қызығушылығын арттыруға тырысамын. Түскі асқа дейін танымдық және дамытушы іс-әрекеттер жүргіземін, ал түстен кейін көбінесе шығармашылық жұмыстармен айналысып, ойынға аса көңіл бөлемін. Балалармен бірге өзім де ойнап, көңілденіп қаламын. Кешке ата-аналарға баланың күнделікті жетістіктері мен көңіл-күйі туралы ақпарат беріп, жылы қарым-қатынас орнатуға мән беремін. Осылайша, әр күнім балалардың дамуына пайдалы әрі қызықты өтеді.
Керемет! Осы сәтте есте қалған, ерекше бір қызықты оқиғаңызбен бөлісе кетсеңіз.
- Жұмыс барысында балалармен өткізген әр күн есте қаларлық, дегенмен ерекше әсер қалдырған сәттер де болды. Соның бірі – балаларға арналған ертеңгілікте кейіпкер болып шыққаным. Сол кезде балалардың жүзіндегі қуанышты, таңданысты көру – мен үшін үлкен шабыт болды. Олар ертегі кейіпкерін шынайы қабылдап, бірге ойнап, ән айтып, көңілді уақыт өткізді. Сондай-ақ күнделікті іс-әрекеттерінен бөлек, балалармен ойынды бірге ойнау да маған үлкен әсер қалдырды. Ойын барысында олардың қуанып, еркін күлген сәттері, бір-біріне қолдау көрсеткені – мен үшін тәрбиелік жұмыстың ең бағалы нәтижесі. Бұл оқиғалар менің есімде ерекше сақталды, себебі балаларға қуаныш сыйлап, олардың көңілінен шығу – тәрбиеші еңбегінің үлкен жетістігінің бірі деп ойлаймын.
Өзіңізге ұнайтын хоббиіңіз бар ма?
- Жұмыстан тыс уақытта шығармашылыққа көңіл бөлгенді ұнатамын. Әсіресе сурет салу мен видео түсіруге ерекше қызығамын. Сурет салу маған ойымды жинақтап, қиялымды еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Әртүрлі бояулармен және сурет салудағы түрлі техникаларды қолдану менің көңіл-күйімді көтеріп, күнделікті шаршауды ұмыттырады. Ал видео түсіру арқылы әдемі сәттерді естелікке қалдырып қана қоймай, оларды әдемілеп өңдеп, өзгелермен бөлісу де маған қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ бос уақытымда әртүрлі бәліштер, кондитерлік тәтті тағамдарды жасағанды ұнатамын. Сирек болса да спортпен, оның ішінде йогамен айналысамын, ол ішкі гармония сыйлайды, әрі бұлшық еттерге тиімді әсер етеді. Жалпы денсаулыққа өте пайдалы. Бұл хоббилерім шығармашылық қабілетімді дамытып, өзімді үнемі жаңа қырынан көруге көмектеседі. Менің хоббилерім - менің жеке дамуыма ғана емес, кәсіби тәжірибеме де пайдасын тигізеді деп ойлаймын.
Тәрбиеші болудың жауапкершілігі жоғары. Білімді, дарынды ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай жұмыс істеп жүрген әріптестеріңізге не тілер едіңіз?
- Әріптестеріме ең алдымен мықты денсаулық, отбасыларына амандық, береке тілеймін. Еңбектерінің жемісін көріп, балалардың сүйіспеншілігі мен ата-аналардың алғысына бөлене берсін деп тілеймін. Әр күндері қуанышқа, жаңа шабытқа толы болып, жұмыстан ләззат алып жүрсін. Сондай-ақ ұжымдағы бірлігіміз нығайып, әрқашан өзара қолдау мен түсіністік орнағанын қалаймын. Тәрбиеші еңбегі өте жауапты да күрделі, сондықтан әріптестерімнің еңбектері әрқашан бағаланып, құрметке ие болсын деп тілеймін!
Томирис Берікқызы, уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет. Балалардың жан-жақты дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиелеуде өрелі жұмысыңыз әрдайым елене берсін. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз.
Сұхбаттасқан:
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА