Бүгін: 14.10.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында Саран қаласының Құрметті азаматы, «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестіктің ашылуына демеуші болған, аяулы ана, асыл әже Рымтай Отарқызы Сейтқазинаның туған күніне орай естелік бұрышы ашылды.

Салтанатты ашылу сәтінде «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестіктің жетекшісі Света Супьянова сөз сөйлеп,  бірлестіктің пайда болуы мен әрі қарай дамуына зор үлес қосқан Рымтай Отарқызының сіңірген еңбегін, жадында есте қалған әр сәтті ерекше толғаныспен жеткізді. Лента кесу құрметі Рымтай Отарқызының жолдасы Амангелді Кенжебековке берілді. Ол өз тарапынан, асыл жарын ұмытпай, еңбегін бағалап жүрген барша жанға ризашылығын білдірді. «Ақ шаңырақ» пен «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени бірлестіктердің, «Актасские зори» хорының мүшелері де жылы естеліктерімен бөлісті.

Бұрыштан Рымтай Отарқызының киген сахналық киімін, 40 жылдан артық Ақтас кентінде қажырлы жұмыс істеп, қасықтап жинаған маңдай тердің жемісін көруге болады. Алған алғыс хаттары мен марапаттары, жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен  «Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестіктің құрылу тарихынан бастап, архив жазбалары, жарқын сәттерде түсірілген бүгінде естелік боп қалған суреттері қойылған. Жан-жағына көмек қолын созып жүрген жаны жайсаң, кең жүректі жанның жарқын бейнесі, өнерге деген құрметі  -  мәңгі есте қалары сөзсіз.

Биыл Рымтай Сейтқазинаның өмірден өткеніне бір жыл болды. Шара соңында қатысушылар абзал жанның жасаған жақсылығын, жайма шуақ мінезін, енді өсиет боп қалған сөздерін еске алып, құран бағыштады.

 Дина ӘБДІҒАЛИЕВА