Еңбек күні қарсаңында Саранда күзгі әскерге шақыру науқаны аясында әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға мерзімді қызметтің әскерге шақырылушылары, 44803 ә/б әскери қызметшілері, жауынгер-интернационалистер, мектеп оқушылары, колледж студенттері, сарбаздар отряды, қаланың білім беру ұйымдарының кадеттері, ата-аналар қатысты. Салтанатты жиында әскери қызметтің маңыздылығы мен Отан алдындағы парыздың қасиеттілігі жайлы айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев құттықтау сөзінде жас сарбаздарға сәт-сапар тіледі. Әрі Еңбек күніне орай «Еңбек жолы-2025» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша ІІ дәрежеге ие болған «Qaz Tehna» ЖШС қызметкері Руслан Владимирович Пегрусьті 200 000 теңге көлемінде ақшалай сертификатпен марапаттады.
Бұл маңызды шара Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған азаматтар мен олардың ата-аналары үшін ерекше мәнге ие болғаны анық. Жас сарбаздардың құрметіне 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында мерзімді әскери қызметші Мейіржан Абжал «Сәйгүлік» әнін, мәдениет үйі директорының орынбасары Жұлдыз Меней «Самға» әнін орындап берді. Бұл әндерден бөлек, сахна төрінде бойға жігер мен рух сыйлай түскен патриоттық әндер шырқалды. Егемен елдің тыныштығын күзетуге бел буған жастарға ізгі тілектер айтылып, салтанатты түрде естелік сыйлықтар табыс етілді.
Саран қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Азиз Әбілқасымовтың айтуы бойынша, қазіргі таңда әскери қызметтен жалтарғандардың саны азайып, әскерге барғысы келетін азаматтардың қатары өскен. Биыл күзгі мерзімді шақыртуға Саран қаласынан 50-ден аса азамат жіберіледі. Сондай-ақ, әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарға көптеген мүмкіндік қарастырылған.
- Бір жыл ішінде жауынгерлік сайыстарда жетістіктерге жеткен болса, онда Қазақстан Республикасы бойынша таңдаған жоғары оқу орнына сертификат беріледі және де жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндігі бар, - деп атап өтті Азиз Әбілқасымов.
Өткен жылдың көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанына Саран қаласынан жіберілген сарбаздар биыл үйлеріне аман-есен оралып, жетістіктерімен қуантуда. Әскерден абыроймен оралған 8 азамат азаматтық борышын үлгілі дәрежеде өтеп келіп, арнайы сертификатпен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА