«Ана тілі – халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп – өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Тіл – ұлттың жаны. Ол халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Әр ұлттың тіл – оның бақыты мен тірегі.
Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауы тиіс.
Осы мақсаттарға жету жолында әрі, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өсіп – өркендеуіне, мәртебесін нығайтуға, сөздік қорды байытуға, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық, тілге деген құрметті арттыру мақсатында полиция бөліміндегі мемлекеттік тілді оқу курсына қатысатын қызметкерлер арасында «Мен мемлекеттік тілде сөйлеймін», «Ана тілің – арың бұл», «Мен қазақпын» атты викториналар және сонымен қатар ақпараттық сабақтар, дөңгелек үстелдер, тағы да басқа іс – шаралар өткізіледі.
Ана тіліміздің даналығын, кемеңгерлігін, шұрайлылығын айқындайтын «Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез – келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі жас, отты да ойнақы – ана тіліміз», – деген сөздің тоқсан ауыз тобықтай түйіні бар. Біз осы қасиетті тіліміздің маңыздылығын естен шығармауымыз керек.
Алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілінің мәртебесі арта берсін!
Ж.Джумашева
Саран қаласының полиция бөлімі