Егер сіз шет елге шығуды жоспарласаңыз, сізге Қазақстанның сот органдарынан ресми құжаттар қажет болуы мүмкін. Құжат Қазақстанда жарамды болғанымен, басқа елде бірден қабылданбайды. Осы үшін арнайы мөртаңба- апостиль қойылады.
Апостиль дегеніміз - құжатқа қол қойған тұлғаның қолының және оның өкілетілігін растайтын, сондай-ақ, осы құжат бекітілген мөрдің түпнұсқалығын қағаз түрінде куәландыратын арнайы мөртаңба.
Апостиль құжаттағы қол мен мөрдің түпнұсқалығын растайды. Осы мөрді алған құжатты көптеген мемлекеттер тікелей қабылдайды. Яғни құжатты әр елдің консулдығында бөлек заңдастырудың қажеті жоқ.
Апостиль қоюға өтініштерді қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ немесе «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Аталған мемлекеттік қызметті алу үшін келесі құжаттар қажет:
1)нысаны «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидасымен бекітілген өтініш;
2)жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
3)апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат;
4)Сіздің мүдделеріңізді үшінші тұлға ұсынған жағдайда, нотариалды куәландырылған сенімхат;
5)аты-жөніңіздің өзгергенін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасын ұсына отырып);
6)мемлекеттік қызмет көрсету үшін мемлекеттік бажды төлегеніңіз туралы түбіртек.
Баждың мөлшері әрбір апостиль қойылатын құжат үшін бір айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызын құрайды. Мемлекеттік баж екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ (ЭҮТШ) Электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленеді. Биылғы жылға апостиль үшін баж салығы – 1966 теңге.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтары өтінішті қабылдағаннан кейін мемлекеттік қызмет көрсетуші органға тапсырады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты маман өтініш пен оған қоса берілген құжаттарды «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» қағидасы бойынша сәйкестігін тексеріп, апостиль қою үшін ұсынылған ресми құжатты рәсімдеуге кіріседі. Нәтижесінде сот органынан шыққан, қағаз жүзіндегі ресми құжатқа арнайы штамп – апостиль қойылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні. Өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру жұмыс күндері 09.00-ден 18.30-ға дейін жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен қызмет алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Е.Б. Алиев,
Саран қалалық сотының әкімшісінің басшысы