Бүгін: 19.10.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Көпбалалы ана өзінің сүйікті ісін кәсібіне айналдырып, отбасына қосымша табыс тауып қана қоймай, жеке брендін дамытуда.

Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылының тумасы Назерке Махжанқызы Акпушыкова бала кезінен ине мен жіпке жақын. Ақ жаулықты әжесінің тәлім-тәрбиесін алып, өсиетті әңгімесін естіп өскен. Түрлі киімді пішіп, ою-өрнектерді ойып, тігумен айналысқанын көріп қолөнерге, тігуге қызығушылығы оянған.

- Марқұм әжемнің қасында тігіп, тоқумен айналысып өстім. Мектеп қабырғасында тоқуға байланысты іс-шараларға қатысып, Қарқаралы бойынша 1-орындарды алып жүрдім. Уақыт өте келе тұрмысқа шықтым. Балаларыма неше түрлі киімдерді тіге бастадым. Менде тігін машинасы болмайтын, барлығын өз қолыммен тіктім,-деді Назерке Махжанқызы.

2020 жылы көпбалалы ана отбасымен Саран қаласына көшіп келіп, бесінші баласын дүниеге әкелді. Қолында кішкентай баласын көтеріп жүріп, үйдегі тірлікті де жасап, сүйікті ісімен айналысуды тоқтатпаған. Керісінше, дамыта берген. 2025 жылдың маусым айы – көптен күткен арманын орындады.

- Биыл Саран қаласының мансап орталығында ««NAZ ULTTYQ BREND» жобамды қорғап шығып, грант ұтып алдым. Сөйтіп, ең бірінші кезекте, тоқпен жұмыс істейтін тігін машинасын сатып алдым, - деді өз үйінде жеке кәсібін бастаған көпбалалы ана.

Ол өз қолымен тіккен киімдерін әлеуметтік желілерге жүктеу арқылы жарнамалап, тапсырыс қабылдай бастаған. Уақыт өте келе тапсырыс көлемі де ұлғая түскен. Тігінге деген махаббатын табыс көзіне айналдырып, ұлттық нақышта түрлі киім-кешектерді өзінің жеке брендімен шығара бастады. Қазір оның өнімдері – ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, күнделікті тұрмысқа арналған ыңғайлы үлгілерге дейін қамтиды. Заманауи докерлердің, адамның көркін аша түсетін тақиялар мен шапандардың, көйлектердің түр-түрін тігіп бере алады.

- Бүгінде өзімнің тұрақты тапсырыс берушілерім бар. Қарапайым қысқартулардан бастап, күрделі жұмыстарды да қабылдаймын. Тіпті, ұнаған киімдердің суретін жіберіп: «Осындай етіп тігіп бересіз бе?» деген жандарға да барынша көмек қолын созып, ойдағыдай етіп тігіп беруге тырысамын. Матаның сапасына қатты мән беремін. Қолымнан шыққан әр затқа өзімнің авторлық қолтаңбам бар. Көбі дайын оюды бастырып тіге салса, мен өзім суретін саламын,- деді жас кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, үйден жұмыс істеу – балалармен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Ол тігін машинасының қасында отырып, балаларымен бірге ойнап, сабағына көмектесіп отырады. «Балаларымыз  – біздің ең үлкен мотивациямыз. Олардың болашағы үшін еңбек етеміз», – дейді ол.

- Жолдасым екеуміз балалардың болашағы үшін –Саран қаласына келдік. Енді олардың жан-жақты білім алуына аянбай еңбек етіп келеміз. Өзім де білімімді тереңдету мақсатында Саран техникалық колледжде «Тігінші» мамандығына оқуға түстім. Бұл тапсырыс қабылдауыма еш кедергі келтірмейді. «naz_ulttyq_brend_saran» инстаграм парақшамда да, тик-ток желісінде де тапсырыс қабылдай беремін. Таныстарым  «Whatsapp» арқылы жіберіп жатады. Шүкір, бастамамыз жаман емес, - деді Назерке Махжанқызы.

Таяуда ол Қарағанды қаласында өткен көрмеге қатысып, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы атынан Қарағанды облысының қолөнершілерінің көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге белсене атқалысқаны үшін «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Б.Алтынбековтің атынан Алғыс хатпен марапатталды.

Болашақта көпбалалы ана үйінде жасап алған өзінің шағын шеберханасын кеңейткісі келеді. Оның арманы – Отандық брендті қалыптастырып, әйелдерге қолдау көрсету. Себебі, үйден басталған қарапайым кәсіп – үлкен жетістіктердің бастауы болуы мүмкін. Ең бастысы – ынта мен еңбек керек.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА