Бүгін: 19.10.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, Еңбек күніне орай «Шебердің қолы ортақ» дәстүрлі аймақтық жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтті.

Шарада құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі аппаратының басшысы Ақылбай Нагидулла: «Бүгінгі фестиваль - сіздер үшін өз шеберліктеріңізді көрсетіп, тәжірибе алмасып, жаңа идеялар табатын үлкен мүмкіндік» дей келе, барша жиналған қауымды фестивальдің ашылуымен құттықтады.

Фестиваль аясында Қарағанды облысының колледж студенттері  еңбек нарығында ең сұранысқа ие мамандықтарды таныстырды, стендтік көрмелер ұйымдастырды.

- Біз фестивальге жыл сайын қатысамыз. Әр түрлі форматта өнер көрсетеміз. Оған біздің студенттер қуана қатысады. Бір жағынан бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде арнайы пәндер оқытушысы Ольга Дубровская.

Сахнаға шыққан студенттер ән айтып, флешмоб билеп, қойылым түрінде өздерінің машықтарын, шығармашылық қабілеттерін және техникалық білімдерін көрсетті. Мамандықтардың қыр-сырын аша түсті.

- Қарағанды  Теміржол колледжі – еліміздегі ең беделді колледждердің бірі. Бұл колледжде көптеген мамандық, сала бойынша өте керемет білім береді. Мұғалімдері де өте білікті. Бүгінгі іс-шараға колледждің оқу бағыттарын дайындап келдік,- деді феставльдің қатысушысы, Қарағанды Теміржол колледжінің студенті Тамерлан Көшкінбай.

Ең соңында жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова колледждерді арнайы статуэткалармен, алғыс хаттармен марапаттады. Әр қатысушыға сертификат пен естелік сыйлық табыс етілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА