Бүгін: 19.10.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

19 қазан – Қазақстан Құтқарушыларының кәсіби мерекесі. Құтқарушылар – күннің ыстығы мен суығына қарамастан күн сайын адамдардың өмірін сақтап қалу үшін нар тәуекелге баратын жандар. Өрт, су тасқыны, жол апаты, төтенше жағдайлардың бәрінде бірінші болып көмекке келетін азаматтар. Бұл саланың әрбір қызметкері күнде басын қауіп-қатерге тіксе де, елдің тыныштығы мен халықтың амандығы үшін күреседі. Осындай батыр жандардың бірі – өз ісіне адал Саран қаласының №24 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Тусупбаев Нұрбек Берекелұлы.

Нұрбек Берекелұлы 1996 жылы қазіргі Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алып, 2005 жылы Қарағанды жоғары политехникалық колледжге, кейін 2009 жылы Қарағанды техникалық университетіне оқуға түскен. Сол аралықта Саран қаласындағы 44803 әскери бөліміне келісімшарт бойынша жұмысқа орналасты. 2012 жылы жүрек қалауымен №24 өрт сөндіру бөліміне қызметке тұрды. Ол бірнеше мәрте өз өмірін қауіпке тігіп, отқа оранған үйден адамдарды құтқарып қалған. Қызмет барысында талай сын сағаттарды басынан өткерсе де, бұл жолды таңдағанына ешқашан өкінбеген.

-              Әрине, түтінге тұншыққан, жалын шарпыған үйлерден адамдарды аман алып шығу оңай емес. Отбасым, жақындарым жұмысқа барған сайын жүректерін шүберекке тиіп отарады. Қауіп-қатермен бетпе-бет келгендіктен талай рет жұмыстан шығарып алғысы да келген. Алайда өзім осы жұмысты таңдадым. Қазіргі уақытта, бұл лауазымда жүргеніме он бес жылдан асып кетті. Біздің жұмысымызда физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да мықты болу керек. Әр сәтте дұрыс шешім қабылдап, қауіпті жағдайларда сабыр сақтай білу – маңызды,-дейді Нұрбек Берекелұлы.

Құтқарушылар күн-түн демей кез келген апатты аймаққа, төтенше жағдайға сақадай сай дайын болуы тиіс. Күнде тұрғындардан әртүрлі шақыртуларды қабылдайды. Ағаштан мініп, түсе алмаған үй жануарларын алуға, құлыпталынып қалған есіктерді ашуға көмектеседі. Төтенше жағдайлар кезінде бірінші орында ел-жұртты қорғайды.

-              2015 жылы Көкпекті ауылын су басқан кезде сонда жұмыс жасадым. Ол кезде жетінші бөлімде жұмыс істедік. Бір апта бойы төтенше жағдаймен  күрестік. Одан бөлек, осы уақыт аралығында қаншама үйлерді өрттен сөндірдік. Үйдің ішінде қалып қойған ересектер мен балаларды, үй жануарларына дейін аман-есен қауіпсіз жерге шығарамыз. Әр өрт болған сайын адамды іздеген кезде, әр үйге кірген бетте алдымыздан не күтіп тұрғанын білмейміз. Қою қара түтін арасында қалып қоюмыз мүмкін. Кез келген ойыққа  түсіп кетуіміз де ықтимал. Бар ойымыз – адамды аман алып шығу. Біздің бөлімшеде 60 адам жұмыс істейді.  Оның ішінде 12-сі екінші қарауылда. Әр қарауыл бөлінген. Әрбірі өз жұмысын жақсы білетін азаматтар,- деп сөзін жалғастырды азаматтық қорғау капитаны.

Осындай ер жүрек азаматтардың арқасында халқымыз өзін қауіпсіз сезіне алады. Олардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, құрметке әбден лайық. «Бейбіт  күннің батырлары» деп бекер айтылмаған.

-              Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына – 30 жыл. Бұрынғы кезбен қазіргі кезді салыстырсақ жер мен көктей. Бұрын техникаларымыз ескі, су құятын көлемдері екі жарым тоннадан аспаса, қазір бүкіл жерде жаңа техника тұр. Бес тонналық камаздарымыз бар. Су бітіп қалады деген қорқыныш бұрынғыдай жоқ. Өрт сөндірушіге арналған арнайы киімдеріміз жаңартылуда. Бұл үлкен жұмыстың еңбегі деп білеміз. Құтқарушыларға, әріптестеріме ең алдымен мықты денсаулық тілеймін. Осылай халыққа қызмет жасап жүре берейік. Мүлдем апаттар болмасын. Халқымыз тыныш, еліміз аман болсын,- деп тілегін білдірді  Нұрбек Берекелұлы.

Төтеншеліктер әрдайым тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау - үлкен апатты болдырмайды.

 Барша құтқарушылар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен қызметтеріне сәттілік тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА