Бүгін: 13.11.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтаста «Қазақтың келіндері-ай – 2025» атты келіндер байқауы өтті.  Байқауға Қарағанды қаласынан және Ақтас кентінен келіндер келіп, қатысуға бел буған. Әр әулеттің инабатты келіндері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақтың салт-дүстүрін дәріптеді.

Байқау жалпы бес кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің атасы» атты бірінші кезеңде қатысушылар қысқаша бейнеролик арқылы өз отбасын, туған жерін таныстырса, «Ойлы болсаң, озып көр» екінші кезеңде ұяшық таңдау арқылы салт-дәстүрге және отбасылық өмірге қатысты логикалық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. «Өнерлі келін - сүйкімді» кезеңнің шарты бойынша келіндер бойындағы өнерлерін ортаға салып, ән айту, би билеу және басқа да қабілеттерін паш етті. Ал «Ана көрген тон пішер» кезеңі бойынша қолөнерден шеберліктерін ортаға салды. Соңғы «Аспаздық шеберлігі» кезеңінде қазақтың ұлттық тағамдарынан сынға түсті. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бүгінгі қоғамда келіннің рөлі мен мәртебесін көтеретін осындай игі бастамалардың жалғасын табуы – ұлт болашағының жарқын көрінісі. Қазақтың салт-дәстүрін ұлықтап, ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайта жаңғырту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан да осындай байқаулардың өтуіне қолдау көрсетіп, дәстүр мен тәрбиені дәріптеуге үлес қосу – әр азаматтың борышы деп білеміз.

Жыл сайын «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жандандыру бірлестігі ұйымдастыратын бұл байқау – бірлік пен ынтымақтың, ізгілік пен ибалылықтың айқын белгісі. Ендеше, ата-бабамыздың асыл мұрасын ардақтап, ұлттық рухты ұлықтай отырып, баршамыз бір шаңырақ астында береке мен ынтымақты сақтау жолында еңбек етейік!

С. Супьянова,

«Ақ шаңырақ»

қазақ халқының әдет-ғұрып,

салт-дәстүрін

қайта жандандыру

бірлестігінің жетекшісі