Менің ойымша, жалғыздық- адамның ешкімнен қолдау күтпей, тек өзіне сеніп, өз-өзіне тірек болу жағдайы. Қазіргі таңда бұл жағдай жасөспірімдер арасында өте көп кездеседі. «Неліктен?»- деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Бұл сұрақтың нақты жауабын әлі ешкім білмейді. Осы тақырыпты негізге алып, мен достарымның арасында кішігірім сауал жүргіздім.
Сұрақ: Неліктен жасөспірімдер жалғыз болуды қалайды?
Аружан (15 жас):
«Себебі, жасөспірімдер- өмірдің белгілі бір кезеңінен өтеді, яғни балалықтан өтіп, өз-өздерін ересек адам ретінде қабылдай бастайды. Сол уақытта олар жалғыздықты талап етеді. Көп жағдайда олардың жеке пікірі еленбей қалып жатады. Сол үшін олар өз ойларын ешкіммен бөліскісі келмейді. Нәтижесінде, жалғыз қалғысы келеді. Мысалы, мен жалғыздықты ұнатамын. Кейде ешкіммен сөйлеспей, тек өзім ғана қалғым келеді.»
Айиза (15 жас):
«Өз тәжірибем бойынша айтатын болсам, көп жағдайда жасөспірімдердің ойымен адамдар, қасындағы жолдастары келісе бермейді. Сондықтан оларға өз-өзімен қалып, өз пікірін ойында сақтап жүру ұнайды.»
Нұрайым (15 жас):
«Жалғыз болғанда ешкім сын айтпайды, не істеу керектігін бұйырмайды. Бұл- еркіндік сезімі. Кей жасөспірімдер осы еркіндікті ұнатады.»
Сонымен қатар, мен бұл мәселе бойынша достарымнан бөлек, мұғалімнен және анамнан да олардың ойларын сұрап көрдім.
Анамның пікірі:
«Менің ойымша, олардың жалғыздықты жақсы көруінің басты себебі- «эмоция». Олар үнемі эмоционалды күйде болғандықтан жалғыз қалуды ұнатады. Бұл мәселені басқа жағынан да қарастырып көрейік. Тағы бір себеп - виртуалды әлемге тәуелділік, яғни олар сол виртуалды әлемнің ішіндегі жағдайларға, сол жақтағы адамдарға көп көңіл бөлемін деп, шынайы өмір туралы мүлдем ұмытып кетеді.
Мектеп мұғалімі - Карина Абилхан:
«Жасөспірімдердің жалғыздықты жақсы көруіне бірнеше себеп болуы мүмкін:
- Жалғыздық = еркіндік. Жасөспірімдер жалғыз қалған кезде өз-өздерін еркін сезіне алады. Не істеу керектігін өздері таңдап, сол нәрсені жүзеге асырады. Мысалы- музыка тыңдау, қалағаныңша демалу, өз хоббиіңмен айналысу, т.б. Олардың бұл іс-әрекеттеріне ешкім шектеу қоя алмайды. Нәтижесінде олар жалғыз қалуға асығады.
- Түсінбеушілік сезімі. Олар көп жағдайда өз-өздерін түсінбей жатады. Соның әсерінен, айналасындағы адамдар да оны түсінбейтін сияқты болып көрінеді. «Мені ешкім түсінбесе, мен не үшін олармен сөйлесіп, санасуым қажет? Олар мені түсінбейді, пікірімді тыңдамайды. Мен олармен пікір таластырғанша өз-өзіммен болғаным дұрыс» - деп ойлап, жалғыз болуды қалайды.
- Виртуалды әлем. Бұрыңғы заманмен салыстырғанда, қазір әлеуметтік желілер өте жақсы дамыған. Жасөспірімдерге офлайн өмірге қарағанда, онлайн өмір қызықтырақ. Олар үшін достарымен, жақындарымен сөйлесіп, уақыт өткізуге қарағанда, әлеуметтік желіде уақыт өткізген әлде қайда қызықты болып көрінеді. Сондықтан, олар көп уақытын телефонмен өткізеді. Сол уақытта оған ешкім кедергі келтірмегенін қалайды. Соның салдарынан, жасөспірім жалғыз қалуды аңсайды.»
Осы айтылған пікірлерді негізге ала отырып, бұл мәселені былай қорытындылағым келеді: жасөспірімдердің жалғыздықты таңдауы олардың әлсіздігін білдірмейді. Керісінше, бұл - өз ойын реттеу, ішкі жан дүниесін түсінуге ұмтылу барысында жасалатын табиғи қадам. Сондықтан жасөспірімге осы кезеңде түсіністік танытып, оның жеке кеңістігін сыйлау өте маңызды деп ойлаймын.
Мақала авторы:
Темирбек Айсана





