Саранда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Көркемдік білім берудегі инновациялар мен заманауи тенденциялар» атты облыстық семинар өтті.
Облыстық семинар талай дарынды шәкірттің жұлдызын жаққан, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Саран қаласының білім бөліміне қарасты балалар өнер мектебінің қара шаңырағында өтті.
- Бізде жыл сайын облыстық семинарлар өткізіліп тұрады, тек олардың бағыттары әр түрлі болады. Мысалға, осы жолы өткізіп отырған семинар - көркем сурет бөлімінің мұғалімдеріне арналды. Оған облыс бойынша жан-жақтан педагогтер жиналып, алдымен пленарлық отырысқа, кейін тоғыз шеберлік сабаққа қатысатын болады, - деп атап өтті Саран қаласының балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиева.
Иә, өнер мектебіне кірген бетте сақадай сай дайындықтың куәсі болдық. Қонақтарды әуезді әуенмен қарсы алып, күмбірлеген күйден шашу шашылды. Қабырғаларда ілулі тұрған оқушылардың үздік жұмыстары көпшілікті тәнті етіп, қолданылған техникалар мен материалдары ерекше қызығушылық тудырды.
Бағдарламаның бірінші бөлімі пленарлық отырыстан басталды. Онда білім мен өнер саласындағы өзекті мәселелер, инновациялық бағыттар қозғалды. Іс-шара барысында қалалық білім бөлімінде әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Рустам Талғатұлы қосымша білім берудің маңызы және оны дамыту перспективалары жайлы айтып берді. Ал Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Евгения Горбатова білім беру саласындағы жасанды интеллекттің рөліне тоқталып, жасанды интеллект технологияларын атап өтті. Сонымен қатар, семинарға жоғарыда аталған орталықтың қосымша білім беру әдіскері Жұлдыз Әубәкір де қатысты. Келесі болып Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сәулет және дизайн кафедрасының меңгерушісі Бейбит Ахметов сөз сөйлеп, сәулет білім беру бағдарламасы мен өнер сабақтарының байланысын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің сәндік-қолданбалы өнері бөлімінің меңгерушісі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Рашида Жусупова «Сәндік-қолданбалы өнерді зерттеуде инновациялық технологияларды қолдану» атты баяндамасымен қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол қазіргі замандағы цифрлық құралдар мен заманауи әдістердің дәстүрлі өнермен ұштасу мүмкіндіктеріне тоқталды.
- Мен Шет ауданы, Батық ауылынан келіп тұрмын. Семинарда қосымша білім берудің, балаларды өнерге баулудың қаншалықты маңызды екендігі түсіндірілді. Қолөнердің адам өміріндегі маңыздылығы, өзін тануына, болашақта өзінің мамандығын таңдауға жол көрсететінін көрсетті. Семинарды ұйымдастырушылар: Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Саран қаласының білім бөлімі және балалар өнер мектебіне алғысым шексіз. Бізді жеберіп отырған Шет ауданындағы С.Мұхамеджанов атындағы балалар өнер мектебінің жетекшілеріне алғысымызды білдіреміз,- деп пікірін қалдырды Батық жалпы білім беру мектебінің кәсіби бағдар берушісі Ардақ Солтанхаан.
Пленарлық отырыста Саран қаласы «Балалар өнер мектебі» КМҚК директорының орынбасары Елена Кобыльская «Қосымша білім беру - баланың дамуының, табысты тұлғаның қалыптасуының басты факторы» тақырыбындағы баяндамасымен тәмамдағаннан кейін, бағдарламаның келесі маңызды, әрі қызыққа толы екінші бөліміне кезек берілді.
Ең алдымен қатысушыларға түрлі техниканы қолдана отырып, ерекше үлгіде жасалған үздік жұмыстардан құралған «Киелі мұра» көрмесі назарға ұсынылды. Тоғыз шеберлік сабақ аясында қатысушыларға «Тастарға сурет салу», табиғи тастарды акрил бояуларымен сәндік бояу техникасы, ыстық желім мен сурет салудың дәстүрлі емес техникасы, пастель, кілем тоқу техникалары, «Туған өлкенің күз мезгілі» сандық пейзажы, потальмен алтын жалату техникасы, «Дәстүр мен қазіргі заманның диалогы» текстуралы кескіндеме техникасындағы ою-өрнек пен қазақтың ою-өрнектерін қолдана отырып, фетрдан бұйым жасау техникасы көрсетілді.
Шеберлік сабақтар барысында тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар, қатысушылар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап көрді. Әрі балалар өнер мектебінің оқушыларының жұмыстарын тамашалады.
- Мен балалар өнер мектебінде 24 жыл жұмыс істеп келемін. Балалармен бірге біз 6 пән бойынша айналысамыз. Олар: сурет, кескіндеме, композиция, сәндік-қолданбалы өнер, графика және мүсін. Күн сайын осы бейнелеу өнерінің әртүрлі түрлері бойынша сабақтар өткізіледі. Балалармен сәндік-қолданбалы өнер сабақтарында қазақтың ұлттық ою-өрнектерін қолдана отырып, қоржын, тұмар, бойтұмар секілді түрлі бұйымдар жасаймыз. Жұмыстарымызды облыстық семинар барысында көре аласыздар, - деді балалар өнер мектебінде бейнелеу өнері пәні бойынша педагог-зерттеуші Татьяна Хаванцева.
Ал балалар өнер мектебінің жас педагогі Владислав Тупикин болса, арнайы бағдарламаның көмегімен цифрлық кескіндеме жасау жолын көрсетті. Оның көмегімен балалар виртуалды қылқалам арқылы сурет сала алады.
Екінші бөлімді қорытындылау сәтінде барлық педагогтер Абай шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған би мен музыка, көркем өнерді ұштастыра білген мазмұнды шеберлік сабаққа қатысты. Онда киіз басу өнері арқылы қазақтың ою-өрнектерін өз қолдарымен жасап, ерекше әсер алды. Шара соңында қатысушылар көркемдік білім беру саласында заманауи педагогикалық инновацияларды енгізудің тиімділігін атап өтіп, алған әсерлерімен бөлісті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








