Бүгін: 08.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 24-өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Хали Хайрат өз өмірін азаматтардың қауіпсіздігі жолында құрбан еткен нағыз батырлардың бірі болды.

Хали Хайрат 1991 жылдың 20 маусымында Моңғолия Республикасының Баян-Өлгий қаласында дүниеге келген. 2000 жылы отбасы Қазақстанға көшіп келіп, Саран қаласына қоныстанды. Сол жылы №4 орта мектептің (қазіргі Абай жалпы білім беретін атындағы мектеп) 2-сыныбына қабылданып, 2010 жылы мектепті аяқтады.

2011 жылы Саран қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы әскер қатарына шақырылып, алғашқы әскери борышын Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде өтеді. Кейін Қызылорда қаласындағы №5547 әскери бөліміне ауыстырылып, 2012 жылы РПК-74 аға пулеметшісі, ефрейтор шенімен қызметін абыроймен тәмамдайды.

Әскерден кейінгі өмірін ол қауіпсіздік пен азаматтық қорғау саласына арнады. 2012–2014 жылдары «Ұлан және С» күзет агенттігінде еңбек етіп, 2014 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы ТЖ департаментінің 24-ӨСБ бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарды.

Қызмет барысында ол кәсіби біліктілігімен, батылдығымен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленді. Төтенше жағдайлар кезінде тез әрі сауатты шешім қабылдап, жеке құрамды ұтымды басқарды. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» III дәрежелі медалімен марапатталды.

2024 жылдың 6 қазанында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағында, Павлодар облысы Баянауыл ұлттық паркінің шекарасында күшті желдің әсерінен алапат өрт шықты. Аталған өртті сөндіру жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері жұмылдырылып, олардың қатарында Хали Хайрат та болды.

Өртті ауыздықтау кезінде ол өз борышына адалдық танытып, алдыңғы шепте жүріп, өрт сөндіру ісінде ерлік көрсетті. Қарқаралы ауданының Шөптікөл ауылында орын алған өртті сөндіру барысында батыр өрт сөндіруші қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты.

Мемлекет алдындағы адал еңбегі мен ерлігі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 16 қазандағы №675 Жарлығымен Хали Хайрат «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Хали Хайрат – өз өмірін өзгелердің өмірін сақтау жолына арнаған нағыз батыр. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталады.

«Саран қаласының мәденет, тілдерді

дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ