Саран қаласының спорт орталығында көңілді де тартысты үстел теннисінен колледж студенттері мен мектеп оқушыларының қатысуымен ашық біріншілік өтті. Бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруды көздеді.
Достық кездесуде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж бен Саран техникалық колледждің және Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ұлдары мен қыздары белсенділік танытып, әрқайсысы жеңіске деген жігерін, төзімділігін және спорттық рухын көрсетті. Ұлдар арасында 15, ал қыздар арасында 11 қатысушы бақ сынады.
Ойын нәтижесінде үздік ойыншылар анықталып, Саран қалалық спорт орталығының директоры Дидар Аманжолұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, жоғары белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Ұлдар арасында: 1-орынды Байболов Рамазан, 2-орынды Серяков Никита, 3-орынды Екпін Серік алды. Ал қыздар арасында: 1-орынға Бауман Анастасия, 2-орынға Марченко Светлана және 3-орынға Абдулхамитова Аяжан қол жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды алға ұмтылуға, бос уақытын тиімді өткізуге және өз күшіне сенуге ынталандырады. Орталық әрдайым салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі спорттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






