Бүгін: 08.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Португалиядағы Әлем чемпионатында сарандық спортшылар жүлдегер атанды.

2025 жылғы 14–16 қараша аралығында Португалияның Алмада қаласында Фунакоши каратэден XXV Әлем чемпионаты өтті. Байрақты додаға 18 елден спортшылар қатысты. Қазақстан Республикасынан бес спортшы өнер көрсетіп, олардың үшеуі — Саран қаласы «Годан» клубының тәрбиеленушілері болды. Атап айтқанда: Халитов Равиль  - 15–17 жас санатында, 3–1 кю дәрежесіндегі спортшылар арасындағы кумитэ бойынша қола медаль жеңіп алды. Дааев Анзор -  11–12 жас санатында, 4–6 кю дәрежесіндегі спортшылар арасындағы кумитэ бойынша  күміс медаль  иеленді. Амангелді Нұрдәулет -  9–10 жас санатында, 4–6 кю дәрежесіндегі спортшылар арасындағы кумитэ бойынша күміс медаль алды.

«Саран қаласының спорт орталығы» КММ жанындағы «GODAN» каратэ секция клубының жаттықтырушысы Анастасия Петровна Иверская чемпионатқа дайындық жаз мезгілінен басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты қиындықтардың бірі  — жаттығу залының көлемі шағын болуында болды. Соған қарамастан балалар жаз мезгілінде жаттығуларды стадион аумағында өткізіп, кейін күн суыта бастағанда ыңғайсыздықтарға қарамастан залда жаттығу жұмыстарын жалғастырған.

-  Мен өзім осы ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысқым келді, бірақ визам мақұлданбай, сол себепті балалармен бірге бара алмай қалдым. Жаттықтырушының қасында болмауынан бөлек,  Астанадан Ыстамбұлға және Ыстамбұлдан Лиссабонға дейінгі күрделі қос рейс те спортшыларға оңайға соқпады. Чемпионатта Амангелді Нұрдәулет пен Дааев Анзор финалға дейін жетіп, Украина және Португалия спортшыларынан ұтылып қалды. Халитов Равиль финалға шығу үшін белдесуде португалдықтарға есе жібергенімен, үшінші орын үшін болған тартыста Оңтүстік Африкадан келген қарсыласын жеңді. Балалар аптасына 5–6 рет жаттығып отырды, оның ішінде 2–3 рет жеке сабақтар өткіздім. Оларды әлемдік каратэ жаттықтырушыларының әдістемесіне сәйкес жаттығу бағдарламасына сүйене отырып істедік. Айта кету керек, әр жаттығудың алдында мен балалармен қысқаша әңгіме жүргіземін, олардан жаттығуда барынша тиімді жұмыс істеуді сұраймын. Яғни, «Осында және қазір» қағидасын ұстануды сұраймын, - деп толықтырып кетті Анастасия Иверская.

Алты жылдан бері жұмыс істейтін «Годан» клубы бүгінде Саран қаласының спорт орталығы базасында жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта 30-дан астам бала жаттығып жүр. Клуб тәрбиеленушілерінің алтауы — каратэ бойынша «WKF каратэ спорт шеберіне кандидат» атағын алған жас спортшылар.

Алдағы уақытта «Годан» клубының спортшылары Шучинск қаласында өтетін WKF «BURABAY OPEN» халықаралық каратэ турниріне қатысуды және Қарағанды облыстық WKF каратэ федерациясында белбеу бойынша аттестациядан өтуді жоспарлап отыр. 

Жерлестерімізді, спортшыларымызды жүлделерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА