Бүгін: 08.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында әкім кубогы үшін қазақ күресінен тартысты турнир өтті. Жас спортшылар бас қосқан додада балуандар белдесіп, күш пен шеберлікті сынады.

Саран қалалық  спорт орталығының мұрындық болуымен  Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің спорт залында Саран қаласы әкімінің кубогына арналған қазақ күресінен 2012–2013 және 2014–2015 жылдары туған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасындағы қалалық ашық турнир өтті.

Биыл екінші мәрте өткізілген турнирге Астана, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Қаражал, Шахтинск, Саран қалаларынан, сондай-ақ Ақтоғай, Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы, Абай және Жаңаарқа аудандарынан ең мықты жас балуандар жиналды.

Ашылу салтанатында Саран қалалық спорт орталығының директоры Дидар Аманжолұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарыстың бас демеушісі Талғат Сабырұлына және бас төреші Мағди Дүйсетайға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты. Өз сөзінде Дидар Аманжолұлы  жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, қазақ күресінің ұлттық рухты көтерудегі, жас ұрпақты отансүйгіштікке, табандылыққа, тәртіп пен шыдамдылыққа тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті. Шара барысында қонақтар да жас спортшыларға ізгі тілегін арнады. Қазақ күресі – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының айғағы, денсаулық пен қайсарлықтың, өр мінез бен намыстың символы екені, осындай жарыстар арқылы өскелең ұрпақ ата-бабалар аманат еткен асыл мұраны жаңғыртып қана қоймай, спорт арқылы салауатты өмір салтын ұстанып, елдің намысын қорғайтын мықты да рухты азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Ашық турнир Qazaq kuresi Ассоциацияның  бекіткен ережесіне сай өткен. 2012–2013 жылы туған жас балуандар 32, 35, 38, 42, 46, 50, 55, 60, 65, +70 келі салмақ дәрежесінде, 2014–2015 жылы туғандар 23, 26, 29, 32, 35, 38, 42, 46, 50, +50 келіде және 2011–2012 ж.т. қыздар 40, 44, 57 келі салмақ дәрежелерінде өзара бақ сынасты.

- Осы жарысқа Бұқар жырау ауданынан, Новоузенка ауылынан келдім. Менің спортпен айналысып жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Бұл спортқа келуімнің себебі, бұл спорт маған қатты ұнайды және мен әрбір жаттығуға келген сайын өзімді жақсы сезінемін. Алға мақсат қойғанмын. Сол үшін мен көп жаттығулар жасаймын, - деп өз әсерімен бөлісті жас балуан Інжу Сайран.

- 26 келі салмақта жеңімпаз атандым...Күреспен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Жеңісімді ағайыма арнаймын, - дейді жас балуан Ибраһим Шөпен.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Саран қаласында өткен бұл турнир жас буын арасында ерекше қызығушылық тудырып, қазақ күресінің кеңінен дамып жатқанын көрсетті. Жас спортшылармен бірге келген бапкерлері де ұйымдастырушыларға дән риза.

- Турнир жақсы өтті. Ұйымдастырушылар алқасы өте жақсы ұйымдастырған. Балуандарымыз жақсы-жақсы өнер көрсетті. Жалпы командамен, менің өз балаларым төрт 1-орын алды. Үш белбеу, бір кубок алып қайттық. Біз енді ауылдық жерде айналысып жүрміз. Бұқар жырау  ауданы, Новоузенка ауылынан келдік. Қазақ күресіне қатысқанымызға өте қуаныштымыз, - деді Бұқар жырау ауданынан келген бапкер Бақытжан Нуриденов.

Тартысты өткен белдесулерде әр өңірден келген жас спортшылар өздерінің шеберлігін, дайындық деңгейін және нағыз жігерлі мінезін көрсетті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Олардың қатарында Саран қаласы мен Ақтас кентінде қазақ күресімен айналысып жүрген жас жерлестеріміз де бар.  26 келі салмақ дәрежесінде Серік Нұрсұлтан 2-орын алса, 46 келіде Социалов Рамазан 2-орынмен марапатталды. Ал 50 келіде Сайлау Нұрым мен Қасқырбай Нығмет 3-орынды бөлісті. Ер балаларды қазақ күресінен қалалық спорт орталығының директоры Дидар Аманжолұлы жаттықтырды. Қыздарымыз да осы жолы біраз жүлдеге ие болды. 35 келі салмақта Жасмин Кенишкалиева 2-орынға қол жеткізсе, Жансель Кайрова жүлделі 3-орыннан көрінді. 40 келіде Азура Тукенова 1-орынмен марапатталды. 44 келі салмақ дәрежесінде Гүлназ Аблулхамитова 1-орын, Сабина Кожубаева 2-орын алды. 45 келіде Зарина Тұрдымуратова 2-орынға жайғасса, 57 келі салмақ дәрежесінде Еркеназ Алимханова 3-орын иеленді. Қыздарды жарысқа дайындаған бапкер – қалалық спорт орталығында қазақ күрестен жаттықтырушы Қуат Диас.

Жас балуандарды жүлделерімен құттықтаймыз! Бұл додада жеңімпаздар тек марапат қағаздары мен медальдарға ғана емес, сонымен қатар ер балаларға белбеулер табысталды. Табиғатынан нәзік жаратылған қыздарымыздың да биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуі – олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығының айқын жемісі. Бұл жетістіктер – жас спортшылардың алдағы үлкен жеңістеріне бастар жол екені сөзсіз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА