Бүгін: 08.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

№2 жалпы білім беретін мектептің оқушылары білім мен шығармашылықты ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарды сақтаған креативті жобаларымен көпшіліктің назарын өзіне аудартты.

№16 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында өткен «Болашақ Қазақстан: Жаңашыл ұрпақ – жарқын ел болашағы» атты концерттік-танымдық бағдарлама қала мектептері оқушыларының шығармашылық әлеуетін көрсетуге арналған маңызды алаңға айналды. Қалалық білім бөліміне қарасты білім ошақтарынан келген оқушылар инновация мен өнерді, ұлттық құндылық пен заманауи көзқарасты шебер сабақтастыра білді.

Бағдарлама аясында жас өнертапқыштар мен ізденімпаз балалар талапқа сай жобаларға өздерінің жұмыстарын ұсынған. Олардың дайындаған жобалары бір-бірінен мазмұнының тереңдігімен, техникалық сауаттылығымен ерекшелене түсті. Тың ой мен жаңа көзқарасқа толы жұмыстарға қазылар алқасы жоғары бағасын берді.

№2 жалпы білім беретін мектептің оқушылары да өз бағын сынап көрді.  Балалар өз жұмысында әрбір затқа ерекше мән беріп, ұлттық мәдениет элементтерін заманауи технологиялармен үйлестіре отырып орындаған. Еңбектері арқылы тарихи мұраны тек жаңғыртып қана қоймай, оны бүгінгі күн талабына сай етіп көрсетуге тырысқан.

«Цифрдағы ою-өрнек» арт-аймақта цифрлық технология мен қазақ дәстүрлері ерекше үйлесім тауып, №2 жалпы білім беретін мектептің оқушысы С. Тришина 1-орынды иеленіп, кубокпен марапатталды. Ал «STEAM» - жобасы бойынша №2 жалпы білім беретін мектептің оқушысы А. Гернер «Ақылды шлагбаум» макетін ойлап тапты. «Этно-сән 2050»  фэшн-шоу – басқаша айтқанда сән көрсетілімінде  А. Прибитько  ұлттық стильде дефиле көрсетті. Қос оқушыға естелік сертификаттар табыс етілді.

- «Болашақ Қазақстан: Жаңашыл ұрпақ – жарқын ел болашағы» бағдарламасы заманауи технология мен ұлттық мәдениетті үйлестіре отырып біріктірді. Бағдарлама балаларға өздерінің инновациялық идеяларын көрсетіп, ұлттық тамырын сақтай отырып, шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ерекше орта қалыптастырды. Бұл – өте маңызды бағыт. Біз енді сырттан қарап, бақылап отырдық. Соның өзінде де тың ойға құрылған жобалар бәрімізді баурап алды. Мұндай іс-шаралар балаларға өз талантын ашуға, өзіне деген сенімділікті арттыруға, жобаны қорғау тәжірибесін жинауға мол мүмкіндік береді. Әрине, бұл оларды әрі қарай оқып-үйренуге, өзін дамытуға ынталандырады деп ойлаймын. Біз пайдалы, заман талабына сай, бірақ ұлттық рухты сақтайтын жобаны жасағымыз келді, - деп атап өтті №2 жалпы білім беретін мектепте еңбек пәнінің мұғалімі  Елена Васильевна Крист.

№2 жалпы білім беретін мектептің оқушылары қарапайым материалдарды – желім, жасанды гүлдер, тұсқағаздар секілді заттарды пайдаланып, өз туындыларын шеберлікпен жасап шығарды. «Цифрдағы ою-өрнек» арт-аймағында ПВХ-дан жасалған 25 деген сан қазақ нақышында безендіріліп,  қуыршақтар ұлттық киім үлгілерінде киіндіріліп, көрмеге ерекше көрік берді.

Концерттік-танымдық бағдарламаға қатысқан әр оқушының жұмысы мен идеясы бір-бірінен ерекшеленіп тұрды. Болашақ Қазақстанды қалай елестететіндерін макеттеріне түсіріп, әрбірі ойын ашық әрі анық жеткізуге тырысты. 

Дина  ӘБДІҒАЛИЕВА