Биыл Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы орыс тілді мектептердің бастауыш сынып оқушылары арасындағы «Мемлекеттік тіл – мерейім» қалалық байқауына бірқатар өзгерістер енгізіп, қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
- Байқауға тек орыс тілді мектепте, бастауыш сыныпта оқитын ұлты қазақ емес білім алушылар ғана қатыса алды. Жыл сайын қатысушылар саны да артуда. Биылға 15 оқушы өз бағын сынап көрді. Осы жолы өткен жылмен салыстырғанда біршама өзгерістер енгізілді. Бұрын үш кезең аясында өткізсек, қазір төртші кезеңге мақал-мәтелдерді қостық. Әрі шумақтар санын көбейттік, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова.
Яғни, «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін қазақ тілінде таныстырса, «Менің Отаным» кезеңінде 2 шумақты өлеңді мәнерлеп жатқа оқудан жарысты. «Көңілді сұрақтар» кезеңінде мүдірмей сұрақтарға жылдам жауап қайтарса, алғаш рет өткізілген «Жалғасын тап!» кезеңінде мақал-мәтелдердің жалғасын табу шеберліктерін көрсетті. Әр кезеңде оқушылар өз ойын еркін жеткізіп, қазақ тілінде сөйлеу дағдығысын көрсете алды.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталып, дипломдармен марапатталып, құнды сыйлықтар табыс етілді. Орын алмаған балалар да назардан тыс қалмай, естелік сыйлықтар берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың күнделікті өмірдегі тілдік мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







