Бүгін: 07.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

21 қараша күні Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің ұйымдастыруымен хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты педагогтердің өңіраралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Ұлттық болмысты айшықтайтын әрі биік ойларға жетелейтін Абай мұрасын дәріптеу арқылы «Адал азамат» тұлғасын қалыптастыруға үлес қосу, педагогтердің кәсіби және рухани дамуына серпін беру мақсатында өткен бұл игілікті шараға еліміздің жан-жақты облыстарынан 22-ден астам білім беру мекемесінің өкілдері қатысты. Қатысушылар үшін офлайн және онлайн форматта қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Салтанатты ашылу рәсімі домбыраның қоңыр үнімен басталып, Теміртау экспериментальді жастар қазақ театры «Жетілу» атты сахналық қойылымын ұсынды. Сондай-ақ Абайдың әйгілі «Сегізаяқ» әні шырқалып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлай түсті. Құттықтау сөздерінде Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Б. Насимуллин мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры А. Темирбулатова хакім Абай мұрасының тәрбиелік және танымдық маңызын атап өтті. А. Темирбулатова өз сөзінде: «Абайды бәрі таниды, бірақ Абайды жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға әрі қарай оқып, тани беруге болады. Абайдың түрлі қырынан әр қатысушы, әр ұстаз өзіне керегін алып, келешек ұрпаққа көрсетіп, таныстырып әрі қарай дамыта береді», – деді.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Т. Баймағанбетованың айтуынша, бұл конференция «Адал азамат» бағдарламасының, сонымен қоса «Шабыт» озық ойлы ұлт жобаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып өткізілген.  Шара барысында Абай шығармашылығын танымдық, тәрбиелік және көркемдік қырларынан жаңаша зерделеу, білім беру процесінде парасаттылық, адалдық, жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу, ұлттық және жалпыадамзаттық мұраларды ұлықтау, педагогтер арасындағы тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.

Пленарлық отырыстың спикерлері: «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті» КЕАҚ профессоры, филология ғылымдарының докторы Б. Рахимов, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері Н.Боранбаев, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы, дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ж.Тусупбеков, «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті» КЕАҚ философия және мәдениет теориясы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы М.Манасова, «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының магистрі Р.Исмайлова шара аясында Абайдың рухани мұрасының қазіргі қоғамдағы өзектілігі, «толық адам» ілімінің тәрбиедегі рөлі туралы атап өтті.

Пленарлық жұмыс аяқталған соң қатысушылар колледждің бас ғимаратындағы жаңадан ашылған Абай атындағы музейді тамашалады. Одан кейін кофе-брейк ұйымдастырылып, «Абай және руханият», «Абай – парасат үлгісі», «Абай мұрасы және педагогика», «Абай және мәдениетаралық аударма» секілді секциялық отырыстар басталды. Өзге өңірлерден қосылған мамандар үшін онлайн-секция да қатар жүргізілді.

Конференцияның жабылу салтанатында қатысушылар рухани мазмұны терең шараның маңызын атап өтіп, алдағы ғылыми-ізденістік бағыттағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА