Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз.
Осы орайда Бауыржан Момышұлының: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген сөзді әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы одан да жоғары деңгейде болар еді.
Мемлекеттік тіл – аса маңызды да, ең өзекті мәселе. Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан, өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды.
Ж.Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі





