Бүгін: 15.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

3 желтоқсан күні Саран қаласының  белсенді азаматтары мен жастары қалалық прокуратурада өткен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясындағы «Құқықтық тәртіп әліпбиі» атты тақырыптық іс-шарасы шеңберінде прокуратура қызметкерлерінің бір күндік жұмыс тәртібімен танысты.

Қалалық прокуратурадан басталған шараға қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев, қала жастары және  жоғарыда аталған оқу орнының белсенді студенттері қатысты.

Ең алдымен Саран қаласының прокуроры К. Муратов қатысушыларды бағдарлама жоспарымен таныстырып, шараның мән-маңыздылығын атап өтті.

- «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында мұндай дәрістерді жүйелі түрде өткізіп отырамыз. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Халықтық заңгер» акцияларын да ұйымдастырамыз, азаматтарды қабылдаймыз. Біз халықпен жұмыс істеуге әрдайым ашықпыз, - деп атап өтті Саран қаласының прокуроры К. Муратов.

Бағдарлама барысында қатысушылар құқық қорғау жүйесінің жұмысын жан-жақты зерттеп, қалалық прокуратураның тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселен, қалалық прокуратураның қызметкері Татьяна Харитонова өз жұмыс орнын көрсетіп, негізгі қызметіне шолу жасады. Қатысушылармен кері байланыс орнатып, сұрақтарға жауап бере, не себепті осы саланы таңдағанын айтып берді. Сонымен қатар, көбіне құрылыс бөлімін тексеру барысында қолданылатын «Шмидт» балғасын да көрсетті. Ал Саран қаласының прокуроры Айбол Нұрсұлтанов сотқа дейін тергеп-тексеру жүйесі қалай жүретінін түсіндірді. Бұл жауапты қызмет жайлы қала прокуроры Диас Жұмақан аз-кем тоқталып,  сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау, қоғамдық мүдделерді қорғау, үкімдердің орындалуын қадағалау секілді бөлімдердің жұмысына тоқталды.

- Мұндай іс-шараларға, шынымды айтсам, жиі қатысамын. Бұл іс-шаралар қала тұрғындары арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға деген өте үлкен нық қадамдардың бірі деп айтуымызға болады, - деді Саран қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова.

Кейін азаматтарға қалалық полиция бөлімінің жедел басқару бөлімі көрсетілді. Одан соң, қалалық соттың ғимаратына барып, ондағы қызмет барысымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

- Қазір мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде бастауыш сынып мұғалімі мамандығында оқып жүрмін. Биыл 4-курсты аяқтаймын. Болашақ бастауыш сынып мұғалімі ретінде мұндай экскурсиялардың маған берері көп деп ойлаймын. Өзіме қажет көптеген мәлімет алдым, – деп Марина Кабакова қатысушы ретінде алған әсерімен бөлісті.

Шара соңында, қатысушылар Саран қаласында тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electronics» зауытына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын өз көзімен көрді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА