Ақтас кентінің тұрғындарын күрделі өзгерістер күтуде. 2026 жылы Саран қаласы мен Ақтас кенті газдандыру жобасына кіреді. Бірінші болып – Ақтас кентін қамту жоспарлануда.
4 желтоқсан күні Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр Ақтас кентінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Негізгі сұрақ-жауапқа көшпес бұрын, Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов кент бойынша биыл атқарылған жұмыстарға және келер жылға жоспарланған негізгі бағыттарды баяндады.
«Бүгінгі таңда Ақтас кентінде 121 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 44-і орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған»,- деп атап өтті кент әкімі. Сондай-ақ, биыл тұрғындардың өтініштері негізінде бірқатар аулаларда балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды. Атап айтқанда, Первомайская көшесі 14абв, Әлия Молдағулова көшесі 29, Бауыржан Момышұлы көшесі 67а және Бейбітшілік көшесі 3 мекенжайларында жасанды жабындысы бар ойын кешендері пайдалануға берілді. Одан бөлек, екі шағын футбол алаңы абаттандырылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды. Кеншілер көшесі 12 мекенжайында орналасқан сквер де жабдықталып, онда жарықтандыру жүйесі орнатылды. Әрі кент бойынша 50 жаңа бейнебақылау камерасы қойылды. Жүйелі түрде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталықтың кіші залына, спорт залына және би фойесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сөз соңында, Бауыржан Заруханұлы 2026 жылға қойылған жоспарлармен бөлісті. Ендігі жылы кент бойынша жарықтандыру жүргізілмеген аумақтарда 20 жарық тірегін орнату жоспарланған. Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, елді мекендердің санитариясын сақтау және абаттандыру бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар көзделген. Первомайская көшесі, 16 мекенжайында скверді көркейту, Гастелло көшесі, 18б мекенжайындағы аулаға абаттандыру жұмыстарын жүргізу, 2 балалар ойын алаңын және 4 қоқыс алаңын орнату жоспарланған.
Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр баяндаманы тыңдай келе, қабылдауға дейін тұрғындар тарапынан жолданған өзекті сұрақтарға жауап берді. Әрі кент ішінде жоспарланған елеулі өзгерістерге тоқтала кетті.
- Кентке қатысты негізгі мәселе – газдандыру. Бүгінгі таңда жобамыз аяқталу сатысында. Келесі кезең – мемлекеттік сараптама. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңі Ақтас кентінен басталады. Жеке сектордың барлығы қамтылады, алайда көпқабатты үйлерге газ енгізілмейді, - деді қала әкімі.
Сонымен қатар, 2027 жылы қатты отынмен жұмыс істейтін Ақтас кентіндегі «Нұрлы жол» және №18 қазандықтарды газға қосу жоспарланып отыр. Ақтас кентіне кіре берістегі жолдың жағдайы да әкімге мәлім, сол себепті келер жылы жоспарға сәйкес жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аула жолдарындағы шұрық-тесіктер бітелмек, жүруге кедергі келтіретін қурап қалған ағаштар алынбақ. Тек барлығын жоспарға сай орындау үшін әкім өз сөзінде, кентте басқару органын құрумен белсенді түрде айналысу қажет екенін айтты. Яғни, мүліктің меншік иелері бірлестігі, тікелей бірлесіп басқару немесе пәтер иелері кооперативтері болуы керек.
Биыл Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салу жұмыстары да аяқталынып, ашу жоспарлануда. Ел ертеңі – білімді жастардың қолында. Әкім балалар мен жастар жиі шоғырланатын орындарға және оларға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен сұрақтар көтерілді. Атап айтқанда, тұрғын үйлерге газ жүргізу, кент ішінде өрт сөндіру бөлімін ашу, ірі сауда нысанын салу, қосымша аялдамалар орнату, көшелерді жарықтандыру, Қаныш Сәтпаев көшесінің жолын жөндеу, электр энергиясына қатысты мәселелерді шешу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар қоғамдық көліктің қозғалысына қатысты шағымдар қозғалды.
Қала әкімі барлық сұрақтар мен өтініштерді тыңдап, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, жол және ауызсу мәселелері бойынша бірқатар шешімді атап өтті. Кент тұрғындарымен кездесуден соң, жеке қабылдау өткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










