Бүгін: 27.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің жатақхана ғимаратына 50 жыл толуына орай этнобөлме ашылды.

 Иә, сүйіншіге толы мерекені бір ғасырдан артық тарихы бар білім орданың шәкірттері мен ұстаздары, сыйлы қонақтары қуана-қуана қарсы алып, «Тарих пен тағылым тоғысқан мекен» атты салтанатты мерекелік шарада ізгі тілегін, жылы лебізін арнады. Бұл айтулы кеш өткен мен бүгінді жалғап, талай буынның жарқын естеліктері мен өмірлік жолына куә болған киелі орданың маңызын айшықтай түсті.

Келген қонақтар сый-құрметтің нышаны ретінде студенттердің тік тұрып көрсеткен ілтипатымен, қазақтың қоңыр домбырасынан төгілген күмбірлі күйдің әуенімен салтанатты түрде қарсы алынды.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова құттықтау сөз сөйлеп, тәрбие мен тәлім ордасына, білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан жандарды марапаттады. Педагогикалық қызметтегі шығармашылық табыстары мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін Куландам Омарова мен Елена Михалевичке Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Д. Жекебаевтың атынан Құрмет грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар білім беру саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар азаматқа Алғыс хаттар берілді.

Жатақхана қабырғасында талай қызықты да әсерлі кезеңдерді өткеріп, бүгінде елдің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып жүрген түлектер жүрекжарды лебізін арнады. Саран қаласының құрметті ардагері, колледж түлегі, кейін осы білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған қоғам белсендісі, саясаттанушы Серік Мұстафин жиналған жұртты мерейтоймен құттықтап, қуаныш белгісі ретінде тәттіден шашу шашты. Колледжде жиырма жылдан астам еңбек етіп, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атанған Жанат Нурсалиева да ақжарма тілегін жеткізді.

Сондай-ақ академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Бибісара Әмірова, қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова, ардагер ұстаз, колледжде кәсіподақ ұйымының төрағасы болған Людмила Панженская сөз алып, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Ал кешке қатыса алмағандар бейнеқұттықтауларын жолдап, көпшілікті жылы естеліктерге бөлеп, мерекелік кештің шырайын аша түсті. Колледжге еңбегі сіңген бүгінде өмірден өткен ардақты жандардың есімдері аталып, бір минут үнсіздікпен еске алынды. Әрбір сәт ерекше әсерге толы болды.

Шараның көркем қорытындысы ретінде мерейтой аясында жатақхананың үшінші қабатында ұлттық рухты айшықтайтын этнобөлме ашылды. Салтанатты рәсімде қызыл лентаны Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аққу Муфталова мен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Серикова қиды.

Ұлттық құндылықтарға бай этнобөлменің әр бұрышы тарих пен тағылымға толы. Онда ата-бабадан жеткен салт-дәстүр, тұрмыс-тіршіліктің белгілері мен рухани мұралар тоғысып, жас ұрпаққа өнеге болар терең мағыналы дүниелер көрініс тапқан.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қала күнімен қатар аталып өтіп келе жатқан жатақхананың мерейтойы құтты болсын! Бұл мерейлі дата өсіп-өркендеудің, бірлік пен игі бастамалардың жарқын белгісі болсын.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА