Бүгін: 27.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Білім саласы – сырт көзге тыныш көрінгенімен, ішкі жауапкершілігі ең ауыр жүйелердің бірі. Мұнда әр шешімнің артында тағдыр бар, әр өзгерістің салмағы жылдар өткен соң ғана сезіледі. Саран қаласының білім беру кеңістігінде  соңғы жылдары жүріп жатқан өзгерістер дәл осындай салмақты міндетті арқалаған басшының еңбегімен тығыз байланысты.

2021 жылы білім бөлімінің басшылығына келген Арман Болатұлы қалыптасқан бірізді жолмен  жүріп өткен жоқ, керісінше, өзіндік, тың бастамаларға жол ашты. Ол кезде білім саласында қордаланған мәселе  аз емес еді. Кей мектептердің жағдайы заман талабына сай келмесе,  кейбір сұрақтардың әлі де шешілмеген түйіндері көп еді. Осындай сәтте басшылыққа келу – жай қызмет емес, үлкен тәуекел еді. Өйткені кез келген бастама бірден қолдау таппайтыны белгілі. Алғашқы кезең өзінің біршама қиыншылығын көрсетті. Қаржы тапшылығы, кадр мәселесі, ескі жүйеге үйренген көзқарастар жаңаруға кедергі келтірді. Бірақ уақыт көрсеткендей, мәселені жасыру емес, ашық айту және жүйелі түрде шешу – бірден-бір дұрыс бағыт  еді. Басшы мектептерді аралап, есеп тыңдаумен шектелмей, күнделікті шынайы мектеп өмірін көруге тырысты. Ұстаздармен, директорлармен, ата-аналармен тікелей сөйлесу сол сенімнің алғашқы баспалдағы болды.

Арман Болатұлы Саран қаласының білім бөлімінің тізгінін ұстаған сәттен бастап, шаһарымыздың білім беру ұйымдары қарқынды дамыды десек, асылық айту емес.  Бүгінде Саран қаласының Білім бөлімін басқарып келе жатқан Арман Болатұлының жетекшілігімен 22 білім беру ұйымы жұмыс істеуде. Олардың қатарында жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдар, сондай-ақ қазіргі таңда сұранысқа ие болып отырған  шағын орталықтар бар. Жылдар өте білім кеңістігінің бет-бейнесі өзгере бастады. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңарып, заманауи пән кабинеттері ашылды. Робототехника, STEM бағыттары біртіндеп оқу процесіне еніп, балалардың қызығушылығын оятты. Бос уақытты тиімді өткізуге арналған коворкинг орталықтар білімді тек сыныппен шектемейтін жаңа мәдениетті қалыптастырды. Қаладағы екі таза орыс тілді мектепте қазақ сыныптарының ашылуы – көптің назарын аударған батыл шешімдердің бірі. Бұл қадам бір ғана тіл мәселесін емес, болашақ ұрпақтың таңдау еркіндігін, ата-ананың сұранысын ескерген салмақты шешім ретінде  қабылданды. Уақыт өте келе бұл бастаманың дұрыс екені дәлелденіп келеді.   Әрине, бәрі біркелкі болған жоқ. Қиындық та, сын да, күмән де болды. Бірақ сол қиын кезеңдер басшының болмысын айқындады. Қабылданған шешімдерге жауап беру, тәуекелден қашпау, уақытша қолайсыздыққа төзу – нағыз басқару осы жерде көрінді.

Назар аударуға тұрарлық бастамалардың қатарында Арман Болатұлының басшылығымен жүзеге асырылған оқыту мен дамытуға бағытталған бірқатар жобалар қатарын атап өтуге болады. Аталған жобалардың нәтижесінде білім сапасы айтарлықтай артып, қала көлемінде соңғы екі жыл қатарынан тұрақты өсім байқалып келеді. Қала мектептерінің басым бөлігі білім сапасы бойынша   оң динамика көрсетіп,  педагогикалық ұжымдардың жүйелі әрі нәтижелі жұмысының айғағы болып отыр. 2025–2026 оқу жылының І тоқсанының қорытындысы бойынша қаламыз   жоғары  сапа көрсетіп, облыс деңгейіне шықты.

Мектеп қабырғасында алынған білімнің нәтижесін айқындайтын маңызды кезең — ҰБТ екені баршаға мәлім. ҰБТ нәтижелеріне назар аударар болсақ, Саран қаласы жоғары көрсеткіштер қатарынан көрінуден қалыс қалған жоқ. 2024–2025 оқу жылында ҰБТ-ның орташа баллы 68,8-ді құрап, алдыңғы 2023–2024 оқу жылындағы көрсеткішпен (71,2) салыстырғанда 2,4 баллға төмендегені байқалады. Соған қарамастан, қаланың жалпы рейтингтегі орны 3-орыннан 2-орынға көтеріліп, бұл Саран қаласы оқушыларының өзге өңірлермен салыстырғандағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді.

«Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғылары да солай жүреді» деген халық даналығы бар. Саран қаласының білім саласындағы жетістіктері дәл осыны растайды. Білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлының жүйелі басшылығы мен табанды еңбегі арқасында, біздің түлектеріміз айрықша нәтижелерге қол жеткізуде. Соңғы жылдары  қалада «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерінің көптігі – білім беру жүйесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсететін айқын дәлел...

2024 жылы грантқа түсу көрсеткіштері бойынша көшбасшылар қатарында №1 мектеп-лицейі (69,4%), Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп (55,2%) және №16 жалпы білім беретін мектеп (58,3%) болды. Ал 2025 жылы бұл тізімге Абай атындағы мектебі (63,9%) мен  №17 мектеп-гимназиясы (59,1%) енді.

Әрине, әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысу да назардан тыс қалмайды. 2023–2024 оқу жылында қала мектептері тұрақты және жоғары нәтижелер көрсетті: облыстық кезеңде оқушыларымыз  23 бірінші, 19 екінші және 39 үшінші  орын иеленді, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейде де жүлделі орындарға қол жеткізді. Айтулы жетістікке №1 мектеп-лицейінің оқушысы Копбаева Алинаны атап өтсек болады. Алина-Президенттік олимпиаданың  ақтық кезеңіне  жолдама алып, Саран қаласының ғана емес, жалпы Қарағанды облысының беделін Республика көлемінде асқақтатты.

Ал жуырда Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушылары Каримов Тимур мен Евсеев Антон ғылыми жетекшісі  А. Акшалакованың бастамасымен Италияның Рим қаласында өткен Fibonacci International Robot Olympiad 2025 әлемдік финалында LegoFootball (робофутбол) санаты бойынша ІІ орынды иеленді. Әлемдік финалға дейін команда Астанада өткен республикалық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, Анталиядағы (Түркия) Азия жарысына қатысу лицензиясын алып, онда І орынға қол жеткізді. Тағы бір маңызды жетістік — Saryarqa First Regional іріктеу кезеңінде №17 мектеп-гимназиясы 5 командамен қатысып, First маусымының тақырыбы «Археология» болған жарыста ерекше нәтижелерге қол жеткізді. Командалар түрлі санаттарда жүлделі орындармен марапатталып, мектептің робототехника саласындағы жоғары дайындығы мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті.

Арман Болатұлының өз саласында жаңашылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен тұлға екені даусыз. Оның басшылығы тұсында білім беру саласы айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Көп жылғы жемісті еңбегі мен сала дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін А. Бақтыбаев түрлі дәрежедегі грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Ал «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Белсенді қызметі үшін» медальдары оның еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын дәлелі болып табылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — бүгін Саран мектептеріндегі өзгерістер бір ғана адамның емес, сол тұлға бастап берген жүйелі еңбектің нәтижесі. Білім саласында үнсіз жасалған жұмыс көп сөйлейді. Ал уақыт – ең әділ төреші.

Редакциядан