Бүгін: 27.12.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

18 желтоқсан күні әкімдік ғимаратында Саран қалалық мәслихатының кезекті XXX сессиясы өтті.

Жылды қорытындылауға және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіткен сессия жұмысына судья, прокурор, облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Шнель, қала әкімінің орынбасарлары, полиция бөлімінің өкілі, қалалық сайлау комиссиясының, қоғамдық кеңестің және ардагерлер ұйымының төрағалары, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов сессия жұмысын бастамас бұрын қалада жаңадан тағайындалған Саран қаласының прокуроры Қажымұрат Серікұлы Мұратовты және Саран қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы Нұрлан Құрманбайұлы Жақыпбаевты таныстырып, оларға қаланың игілігі жолында еңбек етулеріне тілектестік білдірді.

Осы жолы күн тәртібінде он мәселе қаралды. Бірінші болып Саран қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Евгения Чирковаға сөз берілді. Ол өз кезегінде қатысушыларға 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасымен таныстырды. Одан кейін Ақтас кенті әкімінің орынбасары Марғұлан Анаев 2026-2028 жылдарға арналған Ақтас кентінің бюджеті  туралы баяндады.

Депутаттар – халыққа жақын, тұрғындардың мұң-мұқтажын билік өкілдеріне жеткізетін негізгі тұлғалар. Осы орайда Саран қалалық мәслихатының төрағасы  Өміржан Зейнешұлы биыл атқарылған жұмыстардың нәтижелерін жан-жақты талқылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындады.

Сонымен қатар, сессия шеңберінде қаланың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары мақұлданып, Саран қаласы әкімдігі жанынан құрылған  үйлестіру кеңестерінің, қалалық комиссиялардың, қалалық кеңестердің дербес құрамдары бекітілді. Сондай-ақ, қалалық мәслихатының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мен келесі XXXI кезекті сессияның күн тәртібі пысықталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА