Саранда қала әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасы биыл ерекше шаттыққа толы болды. Қыстың шуақты күнінде қалалық мәдениет үйінің іші ертегі әлеміне айналды.
Мерекеге келген балақайларды Анна мен Эльза қарсы алып, «Балалар, бәріңе сәлем!» – деген шаттық үндерімен алаңды бірден баурап алды. Балалардың көзінде қуаныш ұшқыны ойнап, жүректерін жаңа жылдық ғажайыпқа толы сенім биледі.
Қала әкімі Дарын Бұлқайыр барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық пен әр жанұяға бақ-береке тіледі.
Қар ұлпаларының биі, сүйікті Олаф пен Фиксиктердің сомдаған рөлі одан сайын шараға керемет көңіл-күй сыйлай түсті. Барлығы асыға күтетін Аяз Ата мен Ақшақар келгенде бірге би-билеп, ән шырқап, тақпақтарын айтты. Ескі жылды қуанышпен шығарып салып, жылқы жылын қарсы алуға асықты. Ақ қардай аппақ көңіл, күлкіге толы жүздер, қуанышқа толы сәттер – бәрі-бәрі жаңа жылдың ерекше сыйы болды.
Балақайларға тәтті сыйлықтар таратылып, әр баланың жүрегіне жылулық ұялатты.
- Шараға немерелерімді алып келдім. Сыйлығын беріп, сыйлап жатқан әкімге көптен-көп рақмет. Балаларымыз қуанып жатыр. 2026 жыл – бақыт жылы болсын. Еліміз тыныш, іргеміз аман болсын,-деп ізгі тілегін білдірді Саран қаласының тұрғыны, немерелері мен шөберелерінің сүйікті әжесі Күмісжан Қыдырал.
Сондай-ақ, қала әкімі ел абыройын асқақтатқан спортшылармен, халықаралық, Азия чемпиондарымен, әлемдік жарыстарға қатысқан, робототехниканың қыр-сырын меңгерген жас таланттармен кездесіп, олардың бағындырған биіктерін жоғары бағалады. Әрбір жеңіс, әрбір жүлде – қаланың ғана емес, бүкіл елдің мерейін өсіретін үлгі. Кездесу барысында әкім жастардың еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жарқын болашағына сенім білдірді.
Қаламызда жаңа жыл алдындағы мұндай кездесулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы жылғы кездесу жарқын сәттерімен есте қалды: спортшылар әкімге сұрақтарын қойып, өз ойларын ашық білдірді. Әрбір қатысушыға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында тәтті сыйлықтар тарту етілді. Жылдың қорытындысын бірге шығарып, 2025 жылдың естелігі ретінде әкіммен бірге суретке түсті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






