Бүгін: 23.01.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

11 қаңтар күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында шахматтан дәстүрлі «Достық» аймақтық турнирі өтті. Зияткерлік сайысқа «Белая ладья» шахмат клубының тәрбиеленушілері мен Қарағанды қаласындағы «Солнечный город» балаларды дамыту орталығының оқушылары қатысты.

Швейцарлық жүйе бойынша өткен турнирде 20 бала өз бағын сынады. Әр партияда жас шахматшылардың логикалық ойлау қабілеті, төзімділігі мен жеңіске деген жігері айқын көрінді. Нәтижесінде жалпы есепте өте аз айырмашылықпен — 25:24,5 есебімен Саран қаласының жас шахматшылары жеңіске жетті.

Жарыс соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Ал ұлдар мен қыздар арасындағы үздік ойын көрсеткен шахматшылар «Саран қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мадақтамаларымен марапатталды.

Ұлдар арасында үздік нәтижеге «Белая ладья» шахмат клубының тәрбиеленушісі Давид Шаповалов  қол жеткізсе, ал қыздар арасында — Несіпбай Селинге бұйырды. «Солнечный город» балаларды дамыту орталығының оқушылары арасында үздік нәтиже - ұлдар арасында Маркаров Роланға, қыздар арасында Третьякова Меланияға берілді.

«Бұл турнир жасөспірімдердің шахматқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, достық пен өзара сыйластықты нығайта түседі, - дейді ұйымдастырушылар. 

- Болашақта қатысушылардың құрамын және санын кеңейту жоспарлануда, яғни басқа қалалар мен аудандардан шахматшыларды шақыру көзделіп отыр. Қатысушылардың жас ерекшелігі 6–8 жас аралығында болады және міндетті шарт ретінде әзірге шахматтық разрядтарының болмауы қарастырылған. Себебі, бұл турнир жас және енді бастап келе жатқан шахматшыларды қолдауға, оларды дамытуға, сондай-ақ, шахматты насихаттауға бағытталған, - деді «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі, «Белая ладья» шахмат клубының жетекшісі Николай  Герасимов.

Алдағы уақытта да «Достық» турнирі жас таланттардың шеберлігін шыңдайтын маңызды алаң болатыны сөзсіз. Бірінші кезең қысқы демалыс кезінде өтсе, ал келесі екінші кезеңді көктемгі демалыс уақытында өткізу жоспарлануда.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА