Бүгін: 11.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Баланың бойына аналық махаббатпен сіңген мейірім — өмірдің ең асыл аманаты. Сол теңіздей мөлдір, кіршіксіз сезімді жоғалтпай, жүрек түкпірінде аялап сақтай білу — зор бақыт.

Жақында Халықаралық әйелдер күніне орай қаламызда сегіз құрсақ көтерген, тағдырдың талай сынағын сабырмен еңсерген көпбалалы ана, «Алтын», «Күміс» алқаларының иесі, тігін саласында еңбегі сіңген, озат жұмысшының төсбелгісімен марапатталған ардақты ана, асыл әже - ақ жаулықты Көксеген Мияш апамызбен тағылымды әңгіме өрбіттік.

Көпті көрген жан 1943 жылдың 1 мамыр күні Моңғолия жерінде  көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тоғыз баланың ішіндегі ең үлкені. Сол жақта сауатын ашып, тұрмыс құрып,  еңбек етті. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы, Абай совхозындағы зауытта тігінші болып еңбек жолын жалғастырды. Жолдасы Сахаба Самархан агрономдық жолда жемісті жұмыс істеген. Алайда арманы асқақ шағында өмірден озды. Нәзік болмысына қарамастан, бір өзі алты қыз бен екі ұлды қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай ақ сүтімен, адал еңбегімен өсірді. Бүгінде балалары есейіп, бір-бір саланың маманы атанып отыр. Олардың бірі – көпшілігі жақсы танитын, қалалық балалар өнер мектебінің педагог-хореографы, халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері атанып жүрген балалар өнер мектебінің «Қыран» хореографиялық ансамблінің, Ақтас кентіндегі «Дара» би мектебінің авторы және қалаушысы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Ай тұмар» би ансамблінің жетекшісі, жұбайы Темірбек Мөлдіржанмен бірге «Асыл Мұра» этно-фольклорлық дуэті арқылы көнерген биді дәріптеп жүрген, «Қыран» жастар сыйлығының жеңімпазы, «Құрметті ұстаз» төсбелгісімен марапатталған - Асылбек Санархан.

Өнерімен өрнектелген отбасының құт-берекесі - 6 немере, 37 жиен-немере мен 30 жиеншардың қызығын көріп отырған ардақты аналары. Мереке қарсаңында, «сегіз қырлы, бір сырлы» ұрпақты тәрбиелеп өсірген аяулы анадан сұхбат алдық.

Ең алдымен, сізді көктеммен бірге келетін, айналаны жылулыққа толтыратын шуақты мерекемен шын көңілден құттықтаймыз! Зор денсаулық пен отбасыңызға бақ-береке тілейміз. Қарсы болмасаңыз, өмірден көп нәрсе түйген жан ретінде, әңгімеміздің арқауын отбасындағы бала тәрбиесінен бастасақ.  Сіздің ойыңызша, баланы қалай тәрбиелеу керек?

- Рақмет! «Отбасы – ошақ қасы» дейді. Біздің әкеміз бен шешеміздің көрсеткен тәрбиесінің арқасында әр бала өз отбасын қымбат көреді, ардақтайды. Бірін-бірі сыйлайды, жаман сөздер, артық сөздер айтылмайды. Бір-біріне қатты сөйлемейді. Мен өзім сегіз құрсақ көтеріп, сегізін бірдей тәрбиеледім. Ал енді өз басым ойлаймын, балаларды қатал ұстауға болмайды, беталды баланы өз еркімен қоя беруге де болмайды. Әсіресе, «қызға қырық үйден тию» дейді. Қыз балаларды қадағалап, дұрыс жолға салу – ана мен әкенің міндеті. Мені әкем қатты еркелеткен. Бірақ мен сондай ағат нәрселер көп істемейтінмін. Әкем мен шешем екеуі бірін-бірі қатты құрметтеп, қатты сыйлады. Отбасында қандай тәрбие берілсе, сол тәрбие балалардың бойынан да көрініс табады деп ойлаймын.

 

Отбасында қалыптасқан дәстүрлердің қайсысын ерекше бағалайсыз?

- Жастарға бұрынғы дәстүрді айтып тәрбиелеп отырамын. Бұрын біз өзіміз болғанда, отбасында отырған адамдарды сыйлау, дастарқанға қол жайып, бата істемегенше орнынан қозғалмау, отбасында үлкен адам отырғанда, мысалы, дастарқанда өзі шай ішіп отырғанда үлкен адам  кіріп қалса, кішілері орын беру, майлық пен сулықты айырып ұстау секілді  сондайларды өзім жақсы көремін. Енді жастарға айтып жатамыз. Бұрын марқұм әкеміз: «Өтірік айтпа, қаралық істеме, елдің ала жібін аттама, жаман нәрселерді істеме, адамдарды тілдеме, үлкен адамдарды сыйлап өт, ешкімді кемсітпе»,- деп отыратын. Осының бәрі менің санама сіңіп қалған нәрсе.

 

«Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» демекші, немерелеріңізді қатты жақсы көретін шығарсыз?

- Өз баламыз тәтті болса, немере одан да ыстық. Немерелі болсаңыз, аңсап бір, төбеңіз көкке жеткендей болады. Балаларымыз есейіп «әке», «ана» болғанда, балаларға қарағанда немере жолы  - бөлек болады. Ал сол немерені көрген кезде қуанғанда не істеріңді білмейсіз. Немерелерімді қатты жақсы көремін. 

 

Рұқсат болса, осы тұста жас кезіңізді еске түсіріп, бізбен тағылымды сәттеріңізбен бөліссеңіз.

- Жас кезімде кітап құмар адам болдым. Кестенің түр-түрін тіктім. Тақия тіктім, костюм тіктім, ою-өрнектің бәрін салдым, соларды қызықтап өстім. Кітапты оқығанда, қазіргі балалар соткаға қалай тесіле қарайды, сол ұқсап мен де кітапты оқығанда шай ішуді, ұйқыны ұмытып кететінмін. Мен кітапты отырып та оқитынмын, ұйықтап жатқанда да оқитынмын, жарық жоқ жерде шамды жағып алып оқитын күндерім де болды. Кейін көзімнің қырымен қарап жүйрік оқитын болдым. Қаншама сыйлықтар алып жүрдім, Алланың берген өнері де бар. Би деген дарын өзі қанымда бар. Бауырларым күй шертетін. Шешеміз терме төгетін, кестені  де тігеміз - бәріне құмар болдым. Шүкір, балаларым, немерелерім де өнерден алыс кетпеді.

Қазір қартайдық. Құлағымыз да онша емес. Қартайғанда екі қолым алдыма сыймай, балалардың істеп тұрған гимнастикасына қарап денемді қозғап, арасында гимнастика істеп қоямын. Айару, Ақерке деген екі ұлымнан екі немеремді бірінші рет көрдім, екеуін ата-анасынан қызғанамын. Екеуі де өнерлі, Айару осы Саранда, Ақерке «Наз» мемлекеттік би театрында жұмыс істейді. Астанада би-билейді.

 

Халықаралық әйелдер күніне орай нәзік жанды аруларға не тілер едіңіз?

- Қымбатты қыздар, келіндер, барлықтарыңа айтарым өз жолдастарыңды сыйлап өтіңдер. Қыздардан әдепті болуды сұраймын. Қарғаларым, қыз баланың өзінің нәзік мінезі болуы керек. Сылдырап аққан бұлақ сияқты, жып-жылтыр ағып тұруы керек. Бірақ мына заманда сол балалардың өзі балаларды, әсіресе, қыз балаларды түртіп, тілдейді, мазақтайды, күледі. Оның бәрі қыздың жүрегін  ауыртады. Олай істеуге болмайды. Ал, енді, 8 наурыз қарсаңында, әйелдер қауымына айтарым, Отанымыз тыныш, еліміз аман болсын, әйелдер көзіне жас алмасын.

Алтын уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Әрбір күніңіз шаттыққа, жылы сәттерге толы болсын. Аяулы аналарымыз, асыл әжелеріміз аман болсын. Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА