Саран қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде тек ер азаматтар ғана емес, сонымен қатар, темірдей тәртіп пен гүлдей нәзіктікті қатар ұстаған аруларымыз да еселі еңбек етуде. Олар күнде өздерінің кәсіби шеберлігі мен табандылығын танытып, саланың дамуына елеулі үлес қосуда. Сондай жандардың бірі – Ерланқызы Құндыз.
Оның бұл салада жұмыс істеп жүргеніне көп болмаса да, жас маман ретінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Көбіне жер қатынастары мәселелерімен жұмыс атқарғандықтан келіп-түскен әрбір құжаттың заң талаптарына сай рәсімделуі, мерзімінде қаралуы және нақты, дұрыс шешім қабылдануына аса мән береді. Күнделікті өмірде түрлі жағдаяттармен бетпе-бет келсе де, ешқашан қиындықтардан мойымаған.
- Бұл салада қызмет етіп жүргеніме 2 жыл болды, негізі осы бағытта жұмыс істеймін деп ойлағамаған едім. Алайда қызмет барысында жұмысымның мән-маңыздылығын терең түсіндім. Екі жыл ішінде жер қатынастары бойынша тәжірибе жинақтап, заң талаптарына сәйкес жұмыс жүргізуді, сондай-ақ тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін қарауды үйрендім. Халықпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті, сабырлықты талап етеді. Әрбір азаматтың мәселесіне түсіністікпен қарап, заң аясында шешім табуға тырысамыз. Сонымен қатар жер қатынастары саласы бойынша кей жағдайларда кеңседен тыс жұмыстар да атқарылады. Мұндай кезде мәселені заң талаптарына сәйкес жан-жақты қарап, барлық құқықтық нормалар мен ерекшеліктерді ескере отырып шешім қабылдаймыз, - дейді Құндыз Ерланқызы.
Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері апат болған жағдайда жедел әрекет етеді. Ер азаматтармен бірге нәзік жанды әріптестері де бірге жұмыс істеп, әрбір өтінішті мұқият қарап, жан-жақты зерделейді. Тұрғындарға су құбырларын жөндеу керек болса, жылу, кәріз жүйелері бойынша және тағы басқа да өзекті мәселелер туындаған жағдайда да көмектесуден аянып қалмайды.
Төрт мезгіл бойы қаланың тазалығы мен тұрғындардың жайлылығына баса назар аударылады.
«Тұрғындармен жұмыс істеу – қызметімнің ең қызықты әрі маңызды бөлігінің бірі. Біз халықпен тікелей байланыста боламыз: тұрғындар кабинетімізге еркін кіріп, өз мәселелерін ашық айтып, сұрақтарын қоя алады. Біздің салада тұрғындар тарапынан коммуналдық мәселелер бойынша сұрақтар жиі түседі. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының жағдайы, жылумен қамту, сумен жабдықтау және электрмен қамту мәселелері өзекті болып табылады. Бұл жұмыстың ерекшелігі – әртүрлі мінез-құлықтағы, түрлі көзқарастағы адамдармен жұмыс істеу. Кей жағдайда тұрғындар мәселенің күрделілігіне байланысты эмоцияға беріліп жатады, ал кейбірі керісінше, сабырлы әрі түсіністікпен қарайды. Осындай сәттерде біз бөлім мамандары ретінде әрдайым байсалдылық сақтап, кәсіби әдебімізді ұстанып, кез келген жағдайға сабырмен жауап беруге тиіспіз», - дейді Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы.
Ер азаматтар басым болып келетін ұжымда босаңсуға болмайды. Керісінше, табандылық танытып, батыл шешім қабылдай білу маңызды. Сонымен қатар, сабырлық пен ұстамдылық өзара сыйластық ерекше мәнге ие.
- Әйел адам үшін бұл сала бір қарағанда күрделі әрі тосындау көрінуі мүмкін. Себебі жұмыс бағыттары жылумен қамту, сумен жабдықтау және автомобиль жолдары сияқты техникалық салаларды қамтиды. Дегенмен, мен өз қызметімді ерекше қызығушылықпен атқарамын. Бұл саланың маған ұнайтыны – үнемі жаңа білім алып, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік беретіні. Әсіресе, бұрын ер азаматтарға тән деп саналатын бағыттарды тереңірек меңгеру мен үшін қызықты әрі маңызды. Осындай жауапты салада еңбек ете отырып, өзімді жан-жақты дамытып, тәжірибемді арттыруға ұмтыламын,- дейді кейіпкеріміз.
Құндыз Ерланқызы бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. Өмірлік ұстанымы да өте қарапайым. Оның айтуы бойынша: «Ең үлкен бақыт - байлық пен маңсап емес, ең үлкен бақыт - жүректің тыныштығы».
- Әйелдер қауымына ең бастысы – зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс және әрдайым жан жылуы мен бақыт тілеймін. Өмірлеріңіз қуанышқа, жүректеріңіз мейірімге толы болсын. Әр әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Сіздердің еңбектеріңіз бен қамқорлықтарыңыз әрқашан бағалы. Мерекелеріңіз құтты болсын!, - деп Құндыз Ерланқызы ойын толықтыра отырып, барша қыз-келіншектерге жылы лебізін білдірді.
Жыл сайын көктемнің нұрлы шуағымен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні елімізде ерекше ілтипатпен атап өтіледі. Айналаны мейірім мен сұлулыққа бөлейтін бұл мерекеде нәзік жанды арулардың қажырлы еңбегі еленіп, қоғамдағы орны айрықша әспеттеледі. Мереке қарсаңында нәзік жанды аруларға зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Бойыңыздағы нәзіктік пен қайсарлық әр күнді қуанышқа толтырсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








