Бүгін: 22.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің спорт залында білім беру ұйымдарының кәсіподақ мүшелері арасында ХIII қалалық спартакиадасы өтті.

Кәсіби рухты шыңдайтын, тартысқа толы спорттық іс-шараны «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы» ҚБ Саран қалалық комитеті мен Саран қаласының білім бөлімі бірлесе ұйымдастырды.

Ашылу салтанатында «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы А.Ракишева қатысушыларға сәттілік тілеп, өз сөзінде: «Бұл спартакиада бірліктің, достықтың мерекесі. Барлықтарыңызға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын»,-деп атап өтті.

Бас-аяғы 8 білім беру ұйымы қатысып, волейбол, теннис, тоғызқұмалақ пен шахмат спорт түрлерінен бақтарын сынады.

- Осындай іс-шара жылда болып отырады. Енді биыл былтырғыға қарағанда біздің командалар мықты дайындалған сияқты. Жүлделі орындар көп. Былтыр екінші орын алғанбыз. Енді биыл бірінші орын алуға тырысамыз. Осындай ұжымдарға зор алғысымызды айтамыз, - деді №1 мектеп-лицейінің АӘД пәнінің ұстазы Данияр Дюсенбин.

Әр команда өз шеберлігін паш етіп, жігерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қатысушылардың бір-біріне деген құрметі мен достық сезімін одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

Жыл сайын қызықты өтетін дәстүрлі спартакиада барысында үстел теннисі мен тоғызқұмалақта Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп I орынмен, №7 мектеп-интернаты II орынмен, №13 жалпы білім беретін мектеп  III орынмен марапатталды.

Шахматта №7 мектеп-интернаты зияткерлігін көрсетіп ақ-қара тақтайда жеңіске жетті. №13 ЖББ мектеп ұжымы екінші орынға жайғасса, №6 ЖББ мектепке үшінші орын берілді. Волейболдан бірінші орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп жеңіп алса, екінші орынды №13 ЖББ мектебі және үшінші орынды №1 мектеп-лицейі алды.

Жалпы командалық есеп бойынша Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп бірінші орынды, №13 ЖББ мектебі екінші орынды, №7 мектеп-интернаты үшінші орынды иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубокпен, медальдармен, грамоталармен марапатталды. Одан бөлек, жалпы командалық есепте үздік үштікке кірген командаларға қаржылай сертификаттар табыс етілді. Спорттың әр түрі бойынша өткен жарыста бірінші орын алған командалар облыстық спартакиадаға қатысатын болады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА