Наурыз – ғасырлар қойнауынан жеткен, халқымыздың рухани болмысын айқындайтын ұлы мейрам. Күн мен түн теңеліп, табиғат түлейтін бұл кезең – жаңару мен жасампаздықтың бастауы, сондықтан да Наурыз тек маусымдық мереке емес, ол – терең мағынаға ие ұлттық құндылық.
Наурыз мейрамы - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.
Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, әз-Наурыз!», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған.
Ежелден бері бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, жақсылықтың жаршысы саналған. Адамдар бір-біріне ақ тілегін арнап, өкпе-ренішін ұмытып, татуласқан. Үлкендер бата беріп, жастар ізет көрсеткен. Мұның барлығы қоғамдағы сыйластық пен бірлікті нығайтудың жарқын көрінісі.
Наурыз мейрамы күн жылынғанда өте ауқымды шара етіп тойланады. Мерекеге үлкенді-кішілі және жастар атсалысады. Далада киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар дайындалады және бұл күні түрлі ұлттық ойындар ойнатылып, іс-шара кең ауқымда тойланатынын атап өту керек.
Наурыздың басты нышандарының бірі – наурыз көже. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын бұл тағам молшылық пен берекені білдіреді. Әр шаңырақта дастарқан жайылып, қонақжайлық дәстүрі кеңінен көрініс табады. Бұл – халқымыздың дархан көңілі мен кең пейілінің айғағы.
Бүгінгі күнге дейін жеткен мейрамның тәрбиелік мәні өте зор. Егер бұрындары мейрамда үлкен кісілер бата айтып, туған-туыс бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ойын-сауық құрған болса, қазір де сол дәстүр сақталып, адамдар бір-бірімен аралас-құраластығын тоқтатқан жоқ. Осы орайда, балалар үшін туысқандық пен бауырмалдылықтың, қонақжайлылықтың маңызын іс жүзінде көрсетіп беретін, тәрбие беретін бірден-бір салтанат, Наурыз мейрамының бұл тұрғыда тәрбиеге қанық мейрам деп те атауға болады.
Мереке күндері ұлттық ойындар ұйымдастырылып, салт-дәстүрлер жаңғырады. Көкпар, қыз қуу, арқан тартыс секілді ойындар жастарды ептілікке, батылдыққа тәрбиелейді. Ұлттық киімдер киіліп, ән мен күй шырқалады. Осылайша, Наурыз ұлт мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін алтын көпірге айналады.
Бүгінде Наурыз тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде аталып өтеді. Бұл мереке халықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, бейбітшілік пен келісімді насихаттайды.
Қорыта айтқанда, Наурыз – өткен мен бүгінді жалғаған, татулық пен жаңарудың символына айналған ұлы мейрам.
Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін!
Г. Омарова,
Саран қалалық
сотының судьясы





