Саранда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Саран қаласының Құрметті азаматы Кабдырахман Абікенұлы Абікеновке арналған ІІ аймақтық командалық шахмат турнирі ұйымдастырылды.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің конференц-залында турнирдің ашылу салтанаты өтіп, оған Саран қаласының Құрметті азаматы, Саран қаласының шахмат федерациясының төрағасы Анатолий Багринцев, қоғам белсендісі, саясаттанушы Серік Мұстафин, турнирдің бас төрешісі Николай Герасимов, колледж ұстаздары мен студенттері қатысты.
Кабдырахман Абікенұлы – 1923 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында дүниеге келген. Қарқаралыдағы педагогикалық техникумын (бұл қазіргі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжін) тәмамдаған. Бар ғұмырын білім беру саласына арнап, колледжде оқытушы, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, кейін 20 жылдан артық колледж директоры болып қызмет еткен. Оның білім ордасына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Естеліктер тоғысқан турнирде архивтен алынған суреттерден құралған бейнежазба көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, саясаттанушы Серік Мұстафин Кабдырахман Абікенұлы жайлы естеліктерімен бөлісе отырып, Көрісу күніне орай Саран қаласының Құрметті азаматы Анатолий Багринцевтің иығына шапан жапты.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған турнирге биыл алты команда қатысуға бел буған. Олардың арасында арнайы Қарағанды қаласынан келген қатысушылар да болды.
Тартысқа толы жарыстың нәтижесі бойынша №17 мектеп-гимназиясының қос командасы жүлдегер атанды. Біреуі 1-орыннан көрінсе, енді біреуі 3-орынды иеленді. Қарағанды қаласынан келген №24 ЖББ мектебі 2-орынға қол жеткізді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер грамоталарға, медальдарға және кубоктарға ие болды. Белсене қатысқан командаларға алғыс хаттар берілді.
Тағы бір айшықты сәттердің бірі, жеңіске жеткен командаға Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев ауыспалы кубокты табыстап, турнирдің өтуіне атсалысқан Саран қаласының Құрметті азаматы Анатолий Багринцевке, қоғам белсендісі, саясаттанушы Серік Мустафинге және турнирдің бас төрешісі Николай Герасимовке ризашылығын жеткізіп, алғыс хаттармен марапаттады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





