Бүгін: 31.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Азаматтардың өтініштерін қарау тәжірибесі, жеке қабылдаулар және азаматтармен өзара іс-қимылдың басқа да нысандары қоғамда сот билігінің рөлі, оның тәуелсіздік қағидаттары және сот актілерін қайта қараудың заңда белгіленген тәртібі туралы түсінік әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Кейбір жағдайларда азаматтар мемлекеттік органдарға судьяның әрекеттерін түсіндіруді, сот ісін қарауға ықпал етуді немесе сот шешімін қайта қарауға көмектесуді сұрап жүгінеді. Алайда мұндай өтініштер көбінесе мемлекеттік органдардың құзыретіне кірмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидаты негізінде жүзеге асырылады. Бұл қағидат Конституцияның 3-бабында бекітілген.

Конституцияның 75-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек соттар жүзеге асырады. 76-бап сот билігінің азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғанын айқындайды.

Сонымен қатар 77-бапта судьялардың тәуелсіздігі, олардың тек Конституция мен заңдарға ғана бағынатыны және сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға жол берілмейтіні көрсетілген.

Судьялардың тәуелсіздігіне кепілдіктер «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда да бекітілген.

Конституция әрбір адамға сот арқылы қорғалу құқығын кепілдендіреді. Бұл құқық сот шешімдерін заңда белгіленген тәртіппен қайта қарау мүмкіндігін де қамтиды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты бұл құқық заңмен белгіленген рәсімдер мен талаптар шеңберінде жүзеге асырылатынын бірнеше рет атап өткен.

Яғни сот актілерін қайта қарау тек процестік заңнамамен көзделген тәртіп бойынша және тек соттардың құзыреті шеңберінде жүзеге асырылады.

Процестік заңнама сот актілерін қайта қараудың бірнеше нысанын қарастырады.

Апелляциялық тәртіп — сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін істі мәні бойынша қайта қарау (Азаматтық процестік кодекстің 52–53-тараулары; Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 25–27-тараулары; Қылмыстық-процестік кодекстің 48–49-тараулары).

Кассациялық тәртіп — заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру (Азаматтық процестік кодекстің 54-тарауы; Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169, 169-1-баптары; Қылмыстық-процестік кодекстің 52-тарауы).

Жаңа немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау — бұрын белгісіз болған және істің шешілуіне әсер етуі мүмкін мән-жайлар анықталған жағдайда қолданылады (Азаматтық процестік кодекстің 55-тарауы; Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 170-бабы; Қылмыстық-процестік кодекстің 53-тарауы).

Прокуратураның бұл жүйедегі рөлі де заңмен айқындалған. Прокурор сот актілеріне наразылық келтіруге құқылы, алайда сот шешімін өз бетінше өзгерте алмайды.

Азаматтармен жұмыс барысында мемлекеттік органдар сот қызметіне араласа алмайтынын және сот актілеріне баға бере алмайтынын түсіндіру маңызды. Оның орнына азаматтарға сот шешімдерін шағымданудың заңда белгіленген тәртібі, мерзімдері және құқықтық мүмкіндіктері түсіндірілуі тиіс.

Сот тәуелсіздігі — мемлекеттік билікті ұйымдастырудың маңызды қағидаты ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғаудың негізгі кепілі болып табылады.

Қарағанды облысының

Әділет департаменті