Бүгін: 31.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Биыл Саран қаласына қарасты Плановый, Дубовка, 106 кенттерде және РТИ шағын ауданында алғаш рет Наурыз думаны ерекше сән-салтанатымен бастау алды.

Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында қала әкімі Дарын Бұлқайыр елді мекендердегі мерекелік думанды арнайы аралап, тұрғындардың   қуанышына ортақ болды. Көктемнің шуақты күнімен бірге келген бұл игі сәтте әкім халықпен жүздесіп, ізгі тілегін білдірді.

Көшпелі Наурыз думаны ең алдымен Плановый кентінен бастау алды. Тұрғындар алаңға жиналып, қалалық мәдениет үйінің өнерлі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Қолдарына домбыра ұстаған балалар күйден шашу шашып, айналаны күмбірлеген күйге толтырды. Хош иісті бауырсақсыз, Наурыз көжесіз Ұлыстың ұлы күнін елестету мүмкін емес. Ақ дастарқанға қойылған ұлттық тағамдардан тұрғындар ауыз тиіп, ыстық сауарын шайын ішті.

- Көңіл-күйлеріңіз жақсы, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Бақытты болыңыздар! Бізге алғаш рет келіп, осындай жақсы мереке ұйымдастырылуда. Мереке үшін көп рақмет!,- деп өз пікірін қалдырды Плановый кентінің тұрғыны  Наталья Элипова.

Кейін қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Дубовка кеніне  жолға шықты. Ол жерде де ұлттық құндылықтарға айрықша көңіл бөлінді. Тұрғындар арқан тартыс жарысын ойнып, Наурыз мерекесін шаттықпен қарсы алды. Аулада тоғызқұмалақ ойыны ойналып, ою-өрнекпен жасалған шығармашылық жұмыстар ел назарына паш етілді. Мәре-сәре болып жүргірген балалардың үні, «Асыл әжелер» хорының, «Мечта» ансамблінің орындауындағы ырғақты, көңілді әндер шараны одан сайын көрікті ете түсті. Тұрғындарды жайдарлы көңіл-күйге бөледі.

- Наурыз құтты болсын! Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын!  Мен 15 жылдан артық жылқылармен және  иттермен айналысып келемін. Үш тазы тұқымынан шыққан итім бар, - деді Дубовка кентінің тұрғыны  Владимир Бакал.

«Асыл әжелер» хорының мүшесі,  алты құрсақ көтерген, 12 немеренің асыл әжесі Күләш Жабагина да тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

- Наурыз – жаңа жылымыз келді. Бәрімізге құтты болсын! Құт-береке әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Міне, таңертең Сараннан шығып Дубовкада болдық, Плановыйда болдық, шүкір өлең айтып тойлап жүрміз. Отбасыларыңыз аман болсын. Бақытты болыңыздар. Осындай шаралар көп болсын,  - деді аяулы ана, ардақты әже Күләш Жабагина.

Думанды той – 106 кентінде өз жалғасын тапты. Онда да тұрғындар өнерпаздарды асыға күтті. Би-билеп,  «Realize!» көше және заманауи би клубының мың бұралған бишілерінің өнері тамашаланды. Әсем әндер шырқалып, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін мерекенің шаттығын сезді.

РТИ шағын ауданының тұрғындары Наурыз думанын ерекше қарсы алды. Киіз үй тігіліп, ақ дастарқанның үстіне ұлттық тағамның түр-түрі қойылды.  «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген ниетпен шашу шашылып, көрші-қолаң, жора-жолдастар бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтады. Жастар гір тасын көтеруден бақтарын сынап, алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болса, мерекені тамашалауға келген аға буын өкілдері де шарадан рухани азық алып бір марқайып қалды.

Жоғарыда атап өткен әр елді мекенде Саран қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, ел алғысына кенелді. Бұл жылы сөздерге, кіршіксіз көңілге, ұмытылмас сәттерге толы күн болды. Наурыз мейрамы  - әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!

 Дина ӘБДІҒАЛИЕВА