Бүгін: 31.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бастауыш сынып оқушыларының қиялын дамытып, тіл байлығын арттыруда ертегілердің орны ерекше. Соның ішінде “Ерекше ертегілер” топтамасын оқыту – балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Мұндай ертегілерді оқытуда дәстүрлі әдістермен қатар заманауи тәсілдерді қолдану тиімді нәтиже береді.

Ең алдымен, ертегіні оқыту барысында мультфильмдерді пайдалану – оқушылардың қызығушылығын арттырудың тиімді жолы. Мысалы, халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген қысқа мультфильмдерді көрсету арқылы балалар оқиғаны көзбен көріп, кейіпкерлердің мінез-құлқын жақсырақ түсінеді. Мультфильмнен кейін мұғалім оқушыларға “Қай кейіпкер саған ұнады?”, “Неліктен?” деген сұрақтар қойып, олардың өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасайды.

Сонымен қатар, ертегілерді сахналау әдісі ерекше рөл атқарады. Сахналау барысында оқушылар кейіпкер рөлін сомдап, ертегі мазмұнын терең меңгереді. Мысалы, “Бауырсақ”, “Мақта қыз бен мысық” сияқты ертегілерді шағын көрініс ретінде ұйымдастыруға болады. Оқушыларға қарапайым диалогтар беріліп, оларды мәнерлеп айтуға үйрету қажет.

Осындай сахналық қойылымдар балалардың сөйлеу дағдысын дамытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін де арттырады.

Ертегіні оқытуда рөлдік ойындар мен шығармашылық тапсырмалар да маңызды. Мысалы, “Ертегіні жалғастыр”, “Өз ертегіңді құрастыр” сияқты тапсырмалар оқушылардың қиялын дамытады. Сонымен бірге, ертегі кейіпкерлеріне мінездеме беру арқылы оқушылар жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйренеді. Ертегілер желісі бойынша суреттер салып, оны қазіргі жасанды интеллект бойынша оқушыларға мультфильм құрастыруды, әдебиеттік оқу сабағында жиі қолданамын.

Қорытындылай келе, “Ерекше ертегілерді” бастауыш сыныпта оқытуда мультфильмдерді көрсету, сахналау, рөлдік ойындар сияқты әдістерді тиімді қолдану – оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, білім сапасын жақсартады. Бұл тәсілдер арқылы бала ертегі әлеміне еніп қана қоймай, өмірлік маңызды құндылықтарды меңгереді.

Гульнур Абдрахманова,

 Абай атындағы ЖББ

мектебінің бастауыш

сынып мұғалімі