Бүгін: 31.03.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында Ұлыстың ұлы күні биылғы жылы бұрынғыдан да айрықша көркемделіп, ұлттық нақыштағы безендірулермен көз тартты. Ақ киіз үйлер тігіліп, айнала әсем ою-өрнектермен көмкерілді.

Тұрғындарға шат-шадыман көңіл сыйлаған мерекелік шара Наурыз шеруінен бастау алып, «Сұңқар» стадионында өз жалғасын тапты.  Жаңару мен жаңғыру күнінде Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр қала тұрғындары мен қонақтарын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Ізгі тілегін білдіре отырып, «Үздік киіз үй», «Үздік мүсін», «Үздік фигура» қалалық байқауларының жеңімпазы мен жүлдегерлерін қаржылай сертификаттармен марапаттады. Сондай-ақ, бір топ жас кәсіпкердің бағы жанып, Саран қаласы әкімінің жастарға арналған бизнес-идеялар мен жобалар байқауының үздіктері атанды. Оларға да кәсібін қолдау мақсатында қаржылай сертификаттар табыс етілді.

Бұл күні бір мезетте 100 домбырашы қолына домбыра алып, күмбірлете күй ойнаса, алаңда 80 биші «Қара жорға» биін билеп, дала тынысын сезіндірді. «Қош келдің, Әз-Наурыз» теартрландырылған қойылым қойылып, қоңыр домбырадан әйгілі күйшілердің күйлері тартылды.

Сондай-ақ, «Ең үздік ұлттық киім», «Ең ұзын өрілген шаш», «Ең үлкен шелпек»,«Ең үздік ұлттық тағам» және «Ұлттық нақыштағы үздік торт» байқаулары ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше әсер сыйланды. Ұлттық киімдерден өткен сән дефилесі де  қазақы нақыш пен заманауи стильдің үйлесімін көрсетті.

«Ең үздік ұлттық киім» байқауын - №2 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Ангелина Гернер жеңіп алды. Оның көйлегі жібек матадан тігіліп, күлгін түсті ою-өрнекпен безендірілді.

-              Бұл көйлекті тігуге екі аптаға жуық уақыт кетті. Оны біздің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Венера Михайловна жасады, - деп ұлттық нақыштағы киімдер арасында ең ерекше көзге түскен көйлектің иесі - Ангелина Гернер пікірін білдірді.

Шаттық пен марапатқа толы сәтте «Ұлттық нақыштағы үздік торт» байқауының жеңімпаздарымен де тілдесуге үлгердік.

-              Бүгін біз – Ақтас кентіндегі №13 жалпы білім беретін мектебі «Ұлттық нақыштағы үздік торт» байқауында 1-орынға ие болдық. Біздің торттың салмағы төрт жарым келі, диаметрі – 35 см. Жеуге жарамды бұйымдары бар киіз үймен безендірілді, алты бақан теуіп отырған қыз және қазақ күресі бейнеленді. Біз өте қуаныштымыз!,- деп өз әсерімен бөлісті аяулы ана Кристина Ахмаджонова.

Наурыз көженің тіл үйірер дәмі мен ұлттық тағамдар қойылған дастарқандар шараның шырайын ашса, тартысты белдесулерге толы қазақ күресінен, қол күресінен, тоғызқұмалақ пен зияткерлік ойындардан өткен жарыстар мерекені одан сайын жандандырды.

-              Армысыздар, құрметті қала тұрғындары! Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында өткен ұлттық ойындар, оның ішінде арқан тартыс бойынша тартысты ойынның нәтижесінде №17 мектеп-гимназиясы 1-орын алды. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз мерекесі құтты болсын! Қазақ елі, алға!, - деді жеңімпаз команданың мүшесі, №17 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәби Сәулетов.

«Арқан тартыс» жарысында бірінші орынға ие болған командаға су жаңа теледидар сыйланса, қазақ күресінен өз бағын сынап көрген палуандар қаржылай сертификат пен белдікке ие болды.

-              Мен Құсайын Әділет Қайсарұлы осы Саран қаласында болып жатқан қазақ күресінен 90 келі салмақ дәрежесіне дейін жеңімпаз атандым. Қазақ күресінен айта кетсек, Қазақстан Республикасының жеңімпазымын, Қазақстан Республикасының спорт шеберімін, осы Саран қаласының тұрғынымын. Наурызымыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсақ та жол болсын!, - деп жеңімпаз палуан барша халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мерекеге орай қала тұрғындары үшін Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және Саран қаласының мәдениет үйінің, «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының, балалар өнер мектебінің ұжымдары мерекелік бағдарламасын ұсынды. Әсем әндер орындалып, мың бұралған бишілердің өнері тамашаланды. 

«Сұңқар» стадионының алаңы әдеттегіден де ерекше түрленіп, сұлуланып кетті. Балалардың сыңғыр күлкісі, көрермендердің қалың қошеметі мен ізгі лебізі толастамады.

Биылғы Наурыз тек думан ғана емес, бірлік пен жаңарудың, береке мен молшылықтың символына айналып,  әрбір тұрғынның жүрегіне ұмытылмас сәт пен жылулық ұялатқандай.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА