Бүгін: 23.04.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

4 сәуір күні Қарағанды облысы бойынша жалпы облыстық сенбілік өтті. 

Облыстық сенбілік барысында тұрғындар қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосып, аулаларын қыстан қалған қоқыс-қалдықтардан тазартты. Тіпті, кейбір аулаларда ақтау жұмыстары жүргізіліп, ағаштардың түптері қопсытылды.

- «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, жыл сайын өзіміз сенбілікке шығамыз. Балаларымыз көп болғандықтан осы жерде таза ауада, таза жерде ойнағанын қалаймыз. Балаларды да тазалыққа үйретеміз, - деді Саран қаласының тұрғыны, көп балалы ана Хажет Оналсын.

Бұл күні 106 кентте ерекше көңіл-күй орнады. Тазалық жұмыстарына ересектермен бірге балалар да бірге шығып, қоршаған ортаның таза болуына атсалысты. Қаптардың іші қоқысқа  толып, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, сенбілік жұмыстары аяқталғаннан кейін игі шараға белсене қатысқандарға жомарт  жандардың демеушілігімен тегін балмұздақтар берілді.

- Жыл сайын осындай «Таза Қазақстан» науқанын жасап тұрамыз. Тек қана қар ерігеннен кейін бір рет қана шығып тұрмаймыз. Жаз бойы өзіміз шығып тұрамыз. Өйткені менің ойымша, таза айнала – адамның ішкі дүниесінің тазалығының белгісі. Сонымен қатар балаларды да осыған баулимыз. Биылдан бастап барлық осы науқанға қатысқан балаларға біз тегін балмұздақ таратамыз деп шештік. Демеушілер де табыла кетті, - деді 106 кентінің тұрғыны Айсұлу Алтынова.

Қала бойынша облыстық сенбілікке 165 ұжым және шамамен 5000 тұрғын қатысты. Сенбілік барысында 16 арнайы техника жұмылдырылып, 40 гектар жер қоқыстан тазартылды. Жалпы 1250 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына ұстаздар мен оқушылар, көрші-қолаң, жанұя мүшелері және тағы басқа да қала тұрғындары жұмыла қатысты.

-              Бүгін Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі өзіміздің әріптестерімізбен, ұжыммен облыстық деңгейде өтіп жатқан сенбілікке атсалысудамыз. Жалпы, бұл сенбілікке оқушыларды да тартып отырмыз.... Біздің мектептің мұғалімдері болсын, оқушылары болсын, ата-аналары болсын осындай жұмыстарды жақсы қолдайды. Біз өзіміздің еліміз, Отанымыздың тазалығы үшін ерінбей осындай тазалық жұмыстарына үлес қосуға әрқашан дайынбыз, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Серикова.

Сондай-ақ, Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте облыстық сенбіліктен бөлек оқушыларды табиғатты аялауға,  қоршаған ортаны қорғауға баулу мақсатында  басқа да экологиялық іс-шаралар өтіп тұрады. Одан бөлек, облыстық сенбілікте «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аула көршілері де бірігіп, тұрып жатқан көп қабатты үйдің  маңайын бей-берекет тасталған қоқыстардан тазартты.

- Біздің подъезд тату. Подъездің ішін де жинап тұрамыз. Жыл сайын ауланы тазалап тұрамыз. Ең алдымен, өзіміз үшін жасаудамыз. Қаламыздың таза болғаны бізді қуантады, - деді Саран қаласының тұрғыны Алмагуль Абсаматова

- Жинау керек, ретке келтіру керек, бұл бірден қалаға жан бітіреді. Бұл біз үшін тазалықтың тынысы. Біз қаланың жайлы, таза және ұқыпты болғанын қалаймыз. Біз осында тұрамыз, сондықтан оны өзіміз үшін жасаймыз, - деді Саран қаласының тұрғыны Елизовета Базовая.

«Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі берген мәліметке сүйенсек, облыстық сенбіліктің нәтижесінде 12 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны жойылды. Шамамен 350 ағаштың қурап қалған бұтақтары кесілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА