Саранда «Кітап оқитын ұлт» зияткерлік-ағартушылық жобасының «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» атты бағыты бойынша облыстық байқаудың қалалық кезеңі өтті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылады. Оның аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» деп аталатын 6 бағыт бойынша байқау өткізіледі. Таяуда ғана Саран қаласының мемлекеттік қызметшілері облыстық байқаудың қалалық кезеңіне қатысты.
- Бұл жоба алғаш рет өткізілуде. Еліміз бойынша Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында өтуде. Жалпы, облыс көлемінде бір уақытта басталып, бір уақытта аяқталынды. Бүгін бізде мемлекеттік қызметшілер арасында жобаның қалалық деңгейі өтті. Байқаудың ережесіне сәйкес 15 кітап оқу керек болды. Ол 15 кітаптың ішінде қазақ лигасына бөлек 15 кітап, орыс лигасына бөлек 15 кітап берілді. Ол жерде көркем әдебиет, психология секілді кітаптар тізімі бар, - деді Саран қаласының мемлекеттік қызметшілер санатының үйлестірушісі Альбина Нұрмаханова.
Мемлекеттік қызметшілер бұл байқауға алты айдан артық дайындалды. Берілген тізімдегі туындылармен танысып, оқып шығып, 2 сәуір күні Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп қабырғасында онлайн-тестілеуден өтті.
- Бізге «Кітап оқитын ұлт» жобасы ұсынылды. Біз оған қатты қызығушылық таныттық. Қыркүйек айынан бастап дайындалып, оқи бастадық. Мен 15 кітапты желтоқсан айында оқып шықтым. Тек қысқаша мазмұнын ғана емес, толығымен оқыдым... Негізі, маған барлық кітаптар қатты ұнады. Әріқарай да байқауға қатысқым келер еді. Бүгін біз өз білімімізді сынап көрдік. Бірнеше қателіктер жібердім, қай жерде қателескенімді де өзім біліп тұрмын, аздап асығыстыққа жол бердім, - деді «Ақтас кенті әкімінің аппараты» ММ бас маман-бухгалтері Юлия Бащук.
Тестілеу барысында қатысушылар екі топқа: қазақ тілді және орыс тілді лигаға болып бөлінді. Барлық қатысушыларға ортақ талап қойылды. Ұялы телефондарын өткізіп, 30 минут ішінде 30 сұраққа нақты әрі мүдірмей жауап беруі тиіс еді. Бірі жылдам, енді бірі байыппен жауап беріп, соңғы жарты жылда оқыған кітаптары негізінде білімдерін сынап көрді.
- Бұл байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Өзіміздің білімімізді сынауға келдік. Мұндай байқаулар бізге өте тиімді деп ойлаймын. Біздің білімімізді арттырады, қандай деңгейде екенімізді көрсетеді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді қазақ тілді лигада ең жоғары ұпай жинаған Ақтас кенті әкімінің орынбасары Марғұлан Анаев.
- Ұсынылған 15 кітап маған жалпы дамуға көп көмектесті... Өз басым, қатысушыларға ұнады деп ойлаймын. Бұл жоба өте пайдалы, тиімді әрі қажет, мемлекеттік қызметшілер үшін де, республикамыздың барлық тұрғындары үшін де, - деп орыс тілді лигада онлайн-тестілеуден жоғары ұпай жинаған «Саран қаласы әкімінің аппараты» ММ бас инспекторы Элеонора Нехорошева өз пікірін білдірді.
Қала көлеміндегі мемлекеттік қызметшілер арасында оқу мәдениетін қалыптастыру және тұрақты кітап оқуға ынталандыру мақсатында өткен байқаудың нәтижесі «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында жария етілді.
Салтанатты түрде өткен марапаттау рәсімінде «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының м.а. Мұхаммедрахым Әрнешов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар, дипломдар, хакім Абайдың қара сөздері жазылған кітаптар және естелікке «“Кітап оқитын ұлт” мемлекеттік қызметші» деген жазуы бар мүсіншелерді табыс етті. Сонымен қатар, байқауға қатысқан мемлекеттік қызметшілерді сертификаттармен марапаттады.
Қазақ және орыс тілді лиганың қатысушылары ішінде үздік деп танылған үштік Қарағанды қаласында өтетін облыстық байқауға Саран атынан шығатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





