Бүгін: 23.04.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте  «Жамбыл Жабаев - қазақ даласының ұлы ақыны»  деген атаумен тағылымды іс-шара өтті.

Оған Саран қаласының құрметті азаматтары, қалалық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Ең алдымен қазыналы қариялар хакім Абайдың есімімен аталатын білім орданың ішін аралап, соңғы жылдарда жасалған жөндеу жұмыстарымен танысып, іші өлең мен поэзияға толы Абай залында басқосты.

 Кейін мектептің кең спорт залына барып, оның екінші қабатындағы қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан мектеп түлегі Хали Хайратқа арналған бұрышты, ол жерде орналасқан кабинеттерді тамашалай келе акт залда ұйымдастырылған мазмұны терең, мәні мол шараға қатысты. Аға буынды мектеп оқушылары орындарынан тік тұрып, зор қошеметпен қарсы алды.

Шара барысында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева, саясаттанушы, қоғам белсендісі Серік Мустафин жастарға жыр алыбы, ұлы ақынның өнегелі өмір жолы, халқына сіңірген еңбегі және оның жырларындағы елдік рух туралы кеңінен баяндап берді. Ақынның ерлік пен адамгершілікке толы туындылары ерекше атап өтілді. Білім беру саласының ардагері Галина Зырянова «Ленинградцы, дети мои» өлеңін оқып берсе, мектеп оқушылары күмбірлеген күйден, әсем биден, патриоттық әннен шашу шашты.

Шара соңында қаламыздың сыйлы аға буын өкілдері Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне барып, бір ғасыр өмір сүрген, өз артынан өшпес мұра қалдырған тұлға рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА