Бүгін: 23.04.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

11 сәуір күні Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша облыстық байқаудың қалалық кезеңі өткізілді.

Онлайн-тестілеуге алты әулет қатысуға бел буған. Жанұя мүшелері 45 сұраққа жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді.

- Біз отбасымызбен, Кошеновтер отбасымызбен қыркүйек айынан бастап дайындалдық. Жалпы балалардың деңгейіне сай кітаптарды оқытуға тырыстық. Оның ішінде  Жюль Верннің  «Он бес жасар капитан» атты шығармалары балаларымызға өте ұнады. Себебі бұл қиялға бастау алатын кітаптардың бірі. Бұл ойлау қабілетін дамытады, балалардың барлық ой-өрісін дамытады деп есептейміз. Жалпы, кітап оқитын адам – ол үлкен тұлға болып қалыптасады деп сенемін және мұның барлығы балаларымызға оң нәтижесін береді деп сенеміз, - деді Саран қаласының тұрғыны, аяулы ана Мөлдір Дюржанова.

«Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының м.а. Мұхаммедрахым Әрнешовтің айтуы бойынша, байқаудың қалалық кезеңінде жүлдегер атанған отбасылар әрі қарай облыстық байқауға қатысатын болады.

- Біз Қосахбаевтар отбасы «Кітап оқитын әулет» байқауына қатысқалы отырмыз. Тест тапсыруға санаулы минуттар қалды. Енді кішкене қобалжып тұрмыз. Барлық қатысушыларға сәттілік, өзімізге жеңіс тілейміз, - деп онлайн-тестілеу алдында Саран қаласының тұрғыны Гульзат Ермаханова өз пікірін білдірді.

Қатысушыларды марапаттау салтанатты әдеттегідей «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өтті. Оған Саран қаласының білім бөлімінің басшысы, «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша облыстық байқаудың қалалық деңгейін өткізу бойынша комиссия мүшесі Ғалия Тохметова, «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысының м.а. Мұхаммедрахым Әрнешов, қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры, Саран қаласы бойынша «Кітап оқитын әулет» санатының  үйлестірушісі Альбина Нұрмаханова қатысып, қыркүйек айынан бастап белсене қатысқан отбасыларды құттықтады.

Қалалық байқау қазақ тілді және орыс тілді лига болып екіге бөлінген. Қазақ тілді лига бойынша Кошенов әулетіне I дәрежелі диплом, Ханафин әулетіне  ІІ дәрежелі диплом және Есенжол әулетіне ІІІ дәрежелі диплом табыс етілді. Орыс тілді лигада Шигабутдинов әулеті ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар берілді. Байқаудан ешкім құр-қол кетпеді. Қалған жанұяларға кітап оқу мәдениетін дамытуға, көркем әдебиет пен ғылыми-көпшілік әдебиетті тұрақты оқу әдетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.

- Біз әрқашан конкурстарға, спорттық іс-шараларға қатысамыз. Сондықтан осы жолы өз мүмкіндіктерімізді байқауға, сондай-ақ осы жобада ұлымызға қолдау көрсету үшін қатысуды шештік,- деп өз пікірімен бөлімді орыс тілді лигада жүлдегер атанған Саран қаласының тұрғыны Дамир Шигабутдинов.

Марапат төрінен көрінген әулеттер енді 17 сәуір күні (яғни бүгін) Қарағанды қаласында өтетін облыстық байқауда бақ сынайды. Оларға ақ жол, сәттілік тілейміз!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА