Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Мұғалім болу – мақтаныш!» атты педагогикалық сыныптардың бейіндік жобасы аясында «Қабілетті және таланты жастар — біздің болашағымыз» тақырыбында VІІ өңірлік слёт өтті.
Осымен жетінші рет өтіп жатқан слётке Қарағанды облысынан 8 білім ордасы қатысты. Оларды тартыс пен шабытқа толы үш кезең күтіп тұрды: «Педагогиқалық сынып: мүмкіндіктер алаңы» медиа таныстырылым, ой ұшқырын сынайтын «Педагогикалық квест» зияткерлік ойыны және даралығын айқындайтын «Қызығушылықтар алаңы» кезеңі.
Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің меңгерушісі Айнұр Кнашина өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, биыл кезеңдерде біршама өзгерістер орын алды. Осы жылы білім мен технологиялар алаңында цифрландыру және жасанды интеллектке баса назар аударылды.
Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Алма Темирбулатова барлық қатысушыларға сәттілік тілей отыра: «Слёттің мақсаты – педагогикалық мамандықтарға қызығушылықтарыңызды дамыту, қалыптастыру, талантты жастардың қабілеттерін қолдау және де біздің әріптестеріміз сіздерге педагогикалық мамандықтардың түрлі ерекшеліктерін, қыр-сырларын ашып көрсетеді», - деді.
Оқушылар тек білімдерін ғана сынамай, түрлі сайыстарға қатысып, тапқырлығын, шапшаңдылығын паш етті. Әр кезеңнен ерекше әсер алып шықты.
- Шахтинск қаласынан келіп отырмыз. Бізде жылда негізі әртүрлі мектептер қатысады, педагогикалық сыныбы бар класстар. Биыл мен өзім бірінші рет қатысып отырмын балалармен. Әзірге, әсерім жақсы, ұнап жатыр, - деді Шахтинск қаласы білім бөлімінің «Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кәсіби бағдар беру ісінің педагогі Күнсәуле Даукен.
Барлығы әділ әрі ашық болуын әділ қазы алқасы мен слёттің екінші және үшінші кезеңдерде қатысушылардың алған ұпайларын есептейтін колледж оқытушыларынан құралған үйлестірушілер қадағалады. Дәстүрлі слёттің жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдармен және белсене қатысқан командалар алғыс хаттармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







