Қоғамның берік тірегі – отбасы. Адамның дүниетанымы, мінез-құлқы, ұлттық болмысы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ұлттық идеологияны нығайтуда отбасының орны ерекше. Ұлттың рухани құндылықтарын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізетін басты орта – отбасы институты.
Қазақ халқы ежелден отбасы тәрбиесіне үлкен мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы баланың бойындағы барлық қасиет ең алдымен ата-ана тәрбиесі арқылы қалыптасатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осындай кезеңде отбасының жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті.
Ұлттық идеология дегеніміз – халықтың тілі, діні, дәстүрі, мәдениеті мен тарихи санасына негізделген ортақ құндылықтар жүйесі. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру ең алдымен ата-ананың міндеті. Баланың ана тілінде сөйлеуі, үлкенді құрметтеуі, салт-дәстүрді білуі отбасындағы тәрбиеден басталады. Егер әр отбасы ұлттық құндылықтарды берік ұстанса, онда қоғамда ұлттық сана да күшейе түседі.
Қазіргі ақпараттық заманда балалар түрлі сыртқы ықпалға тез бейімделеді. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы шетелдік мәдениет кең таралуда. Мұндай жағдайда ата-ана баланың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Үйде ана тілінде сөйлеу, ұлттық әдебиеттерді оқу, халық әндері мен салт-дәстүрді насихаттау – ұлттық тәрбиенің маңызды жолдары.
Сонымен қатар отбасы тек тәрбие беруші орта ғана емес, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын шағын Отан. Отбасында патриоттық тәрбие алған бала елін, жерін құрметтеуді үйренеді. Тарихын танып, ұлттық мақтаныш сезімі қалыптасады. Бұл – болашақта ел дамуына үлес қосатын саналы азамат тәрбиелеудің негізі.
Ұлттық идеологияның мықты болуы – отбасының тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұлттық рухы биік, салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың қасиетті борышы. Себебі ұлттың болашағы – отбасыдан басталады.
Г. Жүсіпбекова,
Саран қалалық Аналар кеңесінің төрағасы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі





