Бүгін: 17.05.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда балалар өнер мектебінің педагог-хореографы Асылбек Санарханның «Өнерімен өрлеген» атты  15 жылдыққа арналған шығармашылық есеп беру кеші өтті. Бұл кеште тек тәжірибелі ұстаздың шәкірттері ғана емес сондай-ақ өмірде де, өнерде де қолдау білдіріп жүретін асыл жары - Темірбек Мөлдіржанның бишілері де өнер көрсетті.

Асылбек Санархан – Моңғолияда дүниеге келіп, көпбалалы отбасынан шыққан. Би өнеріне деген қызығушылығы бала кезінен оянған. Жеті жасынан бастап би сыныбына барып, кейін Бұқар жырау ауданындағы ол кезде Ульяновка деп аталатын, қазіргі Ботақарада бимен айналысуды  жалғастырған.  Тіпті бойындағы талантын байқаған ұстаздарының қолдауымен 13 жасында жеке үйірме ашып, өзі жасөспірім болса да жастармен жұмыс істеген. Сол кездері би өнері туралы жазылған кітаптардан шабыт алып, тереңнен зерттей түсті. Кейін Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне оқуға түседі. Оны аяқтаған соң педагог-хореографқа оқып, білім мен ізденіс жолына аяқ басып, магистратураны ойдағыдай аяқтап шығады. Осылай би әлемін жан-жақты танып білу үшін 12 жылын білімге арнады. 2010 жылы Саран қаласының балалар өнер мектебінде педагог-хореограф болып жұмысқа орналасты. Қазір оны тек педагог-хореограф ретінде ғана емес, «Қыран» хореографиялық ансамблінің, Ақтас кентіндегі «Дара» би мектебінің авторы және қалаушысы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Ай тұмар» би ансамблінің жетекшісі, жұбайы Темірбек Мөлдіржанмен бірге «Асыл Мұра» этно-фольклорлық дуэті арқылы көнерген биді дәріптеп жүрген, «Қыран» жастар сыйлығының жеңімпазы, «Құрметті ұстаз» төсбелгісімен марапатталған тәжіриелі ұстаз ретінде көбі таниды.

Біреуге 15 жыл «көзді ашып – жұмғанша» өте шығатын уақыт болар, ал біреуге еңбек пен ізденіске толы мезет. Осы 15 жылдың артында талай  маңдай тер жатыр.

-              Біз есеп беру концертіне бір жыл дайындалдық. Қазан айынан бастап қойылымдардың музыкаларын тыңдадық, сюжетіне мән беріп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай би қозғалыстарын қарастырдық, - дейді Асылбек Санархан.

Шығармашылық кеште көрерменге 15 жылдыққа орай –  үздік 15 би жол тартты. Киелі сахна төрінен ұлттық құндылықтарға бай, рух пен әсемдік  әдемі үйлесім таба білген би нөмірлері орын алды. Қалалық балалар өнер мектебінің директоры Толқын Мусалиева  құттықтау сөз сөйлеп, Асылбек Санарханға шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілей отыра, Саран қаласы білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева Ақтас кенті әкімінің Алғыс хатын табыстады.  Қарқаралы қаласынан арнайы Қарқаралы қаласының балалар өнер мектебінің директоры Рымкуль  Спабекова келіп, өнер жолындағы әріптестеріне қолдауын көрсетті. Педагогика ұжымы атынан мерейлі сәтпен құттықтай отырып, Асылбек Санархан мен оның жұбайы - Темірбек Мөлдіржанға дайындаған сый-сияпаттарын тарту етті. Ата-аналар да өз тарапынан алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Сахнада еркін қалықтап, әр қимылдарымен әсемдікті жеткізе білген «Қыран» және «Дара» би ансамблдерінің бишілері ұстаздарының үмітін барынша ақтап шықты. Көпшіліктің қалың қошеметі бір сәтке де толастаған жоқ. Әр нөмір ерекше үйлесімді ырғаққа толы болды.

Бұл кеш тек шығармашылық есеп беру кеші ғана емес, өнерге деген адалдық пен еңбектің жемісін айшықтаған ерекше рухани шараға айналды. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, шығармашылық кештің өзі 24 сәуір күні өтсе, 26 сәуір күні Асылбек Санархан мен Темірбек Мөлдіржанның шәкірттері Астана қаласында өткен «Ulzhan Aldashova» Art Fest ІІ халықаралық көпжанырлы жасөспірімдер байқауына қатысып,  үйге жарқын жүлделермен оралды. Атап жазғанда, «Қыран» хореографиялық ансамблінің кіші тобы «Қазақстан барысы» эстрадалық биімен 1-орынды, сондай-ақ орта тобы «Заманауи би» және «Ұлттық қазақ биі» аталымдары бойынша екі VIP Гран-при жүлдесін жеңіп алды. «Дара» би мектебінің бишілері «Ұлттық би» және «Ат шабысы» биімен VIP Гран-при жүлдесіне ие болды.

Сонымен қатар, биыл бұл байқаулардан бөлек «Қыран» хореографиялық би ансамблінің бишілері «Көктем» және «Мен – қазақпын» биімен Қытай Республикасының сахнасында билейтін болады. Республикалық байқауда дүниежүзінен жиналған ең мықты деген бишілермен өнер көрсетпек. 

Шәкірттердің жетістігі – ұстаз еңбегінің үлкен жемісі. Асылбек Санархан үшін шәкірттерінің оза шапқанын көру, олардың әр бағындырған белесі – баға жетпес қуаныш, үлкен мақтаныш. Шығармашылық кеште де алдыңғы орынға өзін емес, шәкірттерін қойды. Себебі, нағыз ұстаз үшін шәкірттің биігі – өз биігінен де жоғары.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА