Саран қаласының «Сұңқар» стадионында жасөспірімдер арасында футболдан республикалық турнир өтті. Турнир 40 жыл ғұмырын футболға арнаған тәжірибелі бапкер Миляев Олег Викторовичті еске алуға арналды.
Осымен қаламызда екінші рет ұйымдастырылған ала доп додасына жан-жақтан 12 команда қатысты. Олардың арасынан Павлодар облысы, Ақсу қаласынан келген жас футболшылар да бой көрсетті.
Ашылу салтанатында Қарағанды облыстық футбол федерациясының басқарушы директоры Николай Бублинский, Саран қаласының Құрметті азаматы Иван Блат сөз сөйлеп, жас футболшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, турнирге Миляев Олег Викторовичтің қызы, шәкірттері де қатысты.
- Турнирді ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Олег Викторович – көптеген ұрпақты шыңдады. Барлығы бір ауыздан көмек қолын созды. Турнирді Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының қолдауымен, бәріміз бірлесіп ұйымдастырдық. Сонымен қатар, Саран қаласының спорт орталығының директоры Берікбол Ермагамбетовке ризашылығымызды жеткіземіз. Қазіргі уақытта турнирді дәстүрлі деп те айтуға болады. Жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді турнирдің бас төрешісі Дмитрий Быстров.
Жас футболшылар әр күн сайын жасыл алаңға жиналып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. «Сарань» командасының ойыншылары турнирдің алғашқы күнінде «Абай» командасын жеңіп, соңына дейін жақсы ойнап шықты. Қызу ойында Павлодар облысы, Ақсу қаласынан келген команданы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, нәтижесінде үшінші орынмен марапатталды.
Финалда «Скаут» пен «Шахтёр» кездесіп, айрықша басымдылықпен «Скаут» командасы чемпион атанды. Ал «Шахтердің» ойыншылары жүлделі 2-орынға жайғасты.
Бес күнге созылған ойын барысында қатысушылар арасынан үздіктер анықталды. «Скаут» командасының ойыншылары: Ерасыл Омаров «Үздік сұрмерген» деп танылса, Андрей Матвеев «Үздік жартылай қорғаушы» болды. «Шахтер» командасының ойыншысы Эмиль Марданов «Үздік шабуылшы», «Аксу» командасының ойыншысы Диас Булантаев «Үздік қақпашы», «Сарань» командасының қос ойыншысы: Давид Зарипов «Үздік қорғаушы», Адиль Сулейменов «Үздік ойыншы» атанды.
«Сарань» командасын турнирге Олег Викторовичтің шәкірті, Саран қалалық спорт орталығының футболдан жаттықтырушысы Иван Филатов дайындады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, Олег Викторовичтің басқа да шәкірттері, бүгінде өздері спорт жанашырлары, жаттықтырушылар: Дмитрий Быстров, Владимир Гарипов, Артём Конивец, Елжас Айдарбеков жас футболшыларға қолдауын көрсетті.
Бұл ойыннан ешкім құр-кол кетпеді. Барлық командаға естелік кубоктары табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







